Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Оқушылардың виньеткасы сияқты": Париждегі Олимпиадаға баратын құраманың формасы қазақстандықтардың сынына ұшырады

Әлеуметтік желіде биыл Парижде өтетін Олимпиадаға қатысатын Қазақстан құрамасының формасы көпшіліктің сынына ілікті. Оқырмандардың айтуынша, спортшылардың пиджактары мен галстуктері нашар тігілген "мектеп формасына" ұқсас. Ал үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова олимпиадашылардың киім үлгісін талқылағаннан гөрі, жақсы нәтиже күту керек екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Олимпиада комитеті

2024 жылғы жазғы Олимпиада ойындары 26 шілдеде басталып, 11 тамызда аяқталады. Спортшыларымыз жарысқа дайындалып жатқанымен, желі қолданушылары Олимпиада құрамаларының формасын сынға алды.

Қазақстан құрамасының киім үлгісі екінші байқаудан кейін ғана мақұлданды. Себебі бірінші байқаудың қорытындысы бойынша комиссияның бірде-бір эскизі ұнамаған көрінеді. Осылайша туризм және спорт министрлігі киімдерді испаниялық Joma компаниясы тігеді деп уәде берді.

Қазақстандықтардың басым бөлігі олимпиадаға қатысатын әйелдер мен ерлер костюмдерінің соңғы нұсқасын таяуда президенттің қабылдауындағы фотолардан ғана көрді. Осы ретте оқырмандар Олимпиада формасын мектеп формасына балап, талғамсыз әрі нашар тігілген деп пікір жазды.

Фото: Олимпиада комитеті / Бірінші Қазақстан құрамасы, екінші Моңғолия құрамасы

  • Пиджактың жеңі қысқа, белдемшесінде ақ жолақтары бар. Қыры сынған шалбарлар мен тізеге дейін созылған белдемшелер? Мұндай киіммен жасөспірімдер мектеп бітіру альбомына суретке түседі";
  • Бұл жерде спортшыларымызды ешкім қорлап тұрған жоқ. Алайда осы форманы шарасыздықтан киетіні өте өкінішті;
  • Қанша жылдан бері "Қазақтың" еркін, дала халқы екені неге ескерілмейді? Біздің "Nomad" стильді ескеріп, көп идеяларды жүзеге асыруға болатын еді. Желден, күннен, шексіз даладан шабыт алыңыз! Ал моңғолдар үшін өте қуаныштымын. Өз ұлтын халықаралық аренада лайық көрсетіп отыр;
  • Театр костюмі мен мектеп формасын көбірек еске түсіреді. Мұнысы арзан мультфильмнің кейіпкерлеріне тігілген үлгілер секілді.
  • Бортсеріктерге ұқсап тұр. Менің ойымша, бұл стюардтарға сай. Жұмыс істеуге ыңғайлы әрі ыстықтамайды. Алайда олимпиада құрамасы үшін тым оғаш көрінеді. Мынау қысқа жеңді киген спортшылар маған балуандар мен зілтеміршілерді елестетеді.
  • Біздікілер мектепке жиналып жатыр ма?
  • 11 "А" виньеткасы күшті шығыпты.

Ал енді бірі қазақстандық олимпиадашылардың киімдерін "еуропалық" үлгіде тігілген және "ыңғайлы" деп атады.

"Сіздер артық күйіп-пісіп жатырсыздар. Киімдердің екі үлгісі де өте керемет көрініп тұр. Моңғолия құрамасының киімі ұлттық киімге көбірек ұқсайды, ал Қазақстандыкі "еуропалық" стильде тігілген. Меніңше, қазақтардікі киіп тұрғанда ыңғайлырақ секілді. Қиналмай-ақ жүре аласыз. Босқа алаңдап отырсыздар", – деді оқырман.

Фото: Олимпиада комитеті

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова да отандастарымыздың формасына қатысты пікір білдірді. Дүйсеновадан журналистер “Жазғы ойындарға қатысатын спортшыларға дизайнерлер неге қысқы бас киімдер тігіп берген? деп сұрады. 

"Менің ойымша, бұл – жақсы форма. Әр елге өз киім формасы ұнайды. Бізге өзіміздікі ұнап тұр. Әріптестер, бұл қарапайым форма. Одан да жақсы нәтиже күтейік", – деді Дүйсенова.

Айта кетейік, бұған дейін туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Парижде өтетін ойындарда Азия ойындарындағыдай киімнің жыртылмайтынына сендірген еді.

Еске салайық, 2023 жылы күзде Қытайда өткен Азия ойындары кезінде қазақстандық спортшы Алина Сарқұлова берілген жабдықтың сапасына шағымданды. Маунтин велоспортынан ҚР командасы өкілінің айтуынша, кроссовканың табаны түсіп, жейдесінде тесік пайда болған.

Талқылау