Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"100 мың теңгеге қалай күн көреміз": Шымкентте мектеп оқушылары жаңа ғимаратқа көшіп, мұғалімдері жұмыссыз қалған (видео)

Шымкентте №69 мектептің мыңнан аса оқушысы жаңа ғимаратқа көшіп, ондағы мұғалімдер сағатсыз қалғанына шағымданды. Ал, бір жыл бұрын басшылық жайлы мектепке оқушыларыңмен бірге көшесіңдер деп сендірген екен. Дегенмен соңында жаңа жұмыс орнына конкурс арқылы барасыңдар деп мәлімдеген. Содан бері мазасы кеткен ұстаздар біліктілігімізге емес, конкурсқа күдік көп дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Шымкенттегі №69 мектептің ұстаздарына жайлы мектеп жайсыздық туғызып жатыр. Білім ұясында 2500-ден аса шәкірт оқыса, оларға 200-ден аса мұғалім сабақ береді екен. Ал келесі жылы мұнда 1200 оқушы ғана қалмақ. Себебі қалғаны ауданда жаңадан ашылған жайлы мектепке ауысады. Қазірдің өзінде кейбірі сегіз сағатпен жұмыс істейтін ұстаздар бала саны азайып көк тиынсыз қаламыз ба деп алаңдаулы.



"Сегіз сағат дегеніңіз 100 мың теңге болады? Қалай күн көреміз 100 мың теңгеге. Ойлап көріңізші 1 қап ұныңыз, 1 майыңыз азық-түлікке жетпейді ғой. Күндіз мектепте, түнде тағы құрылыста жұмыс істейді. Такси жүргізеді. Осылай күнін көріп жүр барлығы. Енді 60 пайыз оқушыны алады. 150 мұғалімді конкурс арқылы қабылдайды екен. Конкурс дегеніңіз бұл сыбайлас жемқорлық. Ақшасы бар өтеді ол жерден. Ақшасы жоқ бізге ұқсаған мұғалімдер қалай өтеді?", – дейді мектеп мұғалімі Досымхан Рсымбетов.

Бұған дейін басшылық ұстаздарды жайлы мектепке оқушыларымен қоса ауысады деп жұбатқан екен. Ол 57- бұйрықта да көрсетілген дейді көпшілік. Алайда, іс жүзіне келгенде бұйрық бір жақта қалып, жаңа мектепке мұғалімдер тек конкурспен қабылданатын болыпты.

"Жайлы мектептер осы уақытқа дейін екі мектеп ауысты да, дәл осы 57-бұйрықты қамтыды. Енді келесі жайлы мектеп ашылады. Ол жайлы мектеп ашылған кезде конкурс болады дейді. Ал, білім басқармасы біздің тізімді алып алған. Оқушылар ауысқан кезде мұғалімдердің ауысатын тізімін алып алған. Ол қайда қалды?", – дейді Айғаным Егембердиева.

Шымкенттің білім басқармасы №69 мектептің аттестациядан өтпегенін айтады. Ұстаздар конкурсқа күдікпен қараса, жауаптылар олардың біліміне күмәнмен қарайды. Сондықтан жайлы мектепте тек іріктеуден өткендер қабылдатанынын мәлімдеді.

"Қараша айында ашылған екі жайлы мектебіміз басқа мектептен ауысу тәртібімен келген педагогтар сапа жөнінде төменгі көрсеткіш көрсетті. Себебі Қазақстан ішінде 20 облыс болса, біз 20-орында тұрмыз. Себебі басқа мектептен ауысып келген мұғалімдер ең төменгі санатты педагогтерді жіберіп отыр. Қазіргі уақытта лецензия алмау қаупі бар", – дейді білім басқармасының өкілі Әсет Шорахмет.

Сондықтан жайлы мектептерге ұстаздар бұдан былай тек конкурс арқылы қабылданбақ. Ал, шәкіртсіз қалған мұғалімдердің жағдайына алаңдап отырған ешкім жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрі мен Еңбек министрінің 2024 жылы 24 желтоқсандағы бірлескен бұйрығымен мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагог қызметкерлерін қызметке тағайындау және қызметтен босату қағидаларының жаңа ережесін бекіткені туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Сейсенбі, 31 Желтоқсан, 2024 12:25