10 жылға сотталып, мерзімі өтпей босап шыққан: Әйелін ұрып өлтірді деп айыпталған экс-министр Бишімбаев туралы не белгілі
Бір күн бұрын бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев “әйелін ұрып өлтірді” деген айыппен ұсталды. Бұрын сыбайлас жемқорлық айыбымен 10 жылға сотталған экс-шенеунік түрмеден мерзімінен бұрын босап шыққан. Әлеуметтік желіде кейбір қолданушылар “егер түрмеден босатпағанда, мұндай ауыр қылмыс болмас еді” деп сотқа көңіл толмаушылық білдірген. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қол астында қызмет еткен “Болашақ” бағдарламасының түлегі Бишімбаев жайлы не белгілі?
Ең алғаш сотталған “Болашақ” түлегі және Назарбаевтан кешірім сұрауы
Қуандық Бишімбаев 1980 жылы 11 сәуірде Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1999 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. 2001 жылы – М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін және сол 2001 жылы "Болашақ" бағдарламасы бойынша Дж. Вашингтон (АҚШ) университетінде іскерлік басқару магистрі дәрежесін алған. Экономика ғылымдарының кандидаты атағы бар Бишімбаевтың әкесі – Уәлихан Бишімбаев Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының Қызылордадағы филиалы директоры, ал 1990 жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басында Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Жамбыл (Тараз қаласы) университеті ректоры болған.
Қуандық Бишімбаев 2007 жылы индустрия және сауда вице-министрі болып үлгерген. 2003-2004 жылдары – "Ұлттық инновациялық қор" АҚ басқарушы директоры, басқарма мүшесі болған.
2004-2005 жылдары – "Маркетинг және аналитикалық зерттеулер орталығы" АҚ басқарма төрағасының орынбасары, басқарма мүшесі.
2005 жылы – "Корпорация Ордабасы" АҚ вице-президенті, "Интеркомшина" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы.
2005-2006 жылдары – Қазақстан Республикасының экономикасы және бюджеттік жоспарлау министрінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасарының кеңесшісі.
2006-2007 жылдары – Қазақстан Республикасы индустрия және сауда министрлігі жанындағы "Сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ президенті.
2007 жылы – Қазақстан Республикасы индустрия және сауда вице-министрі.
2009-2010 жылдары – Қазақстан Республикасы президентінің көмекшісі, 2010-2011 жылдары - Қазақстан Республикасы экономикалық даму және сауда вице-министрі болған.
Ол 2013 жылы "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингін басқарған. Бишімбаев 2016 жылғы мамырдың 6-сынан желтоқсанның 28-іне дейін ұлттық экономика министрі қызметін алты айдан аса атқарды. Мансабының өрлеген тұсы мен қайта құлдырған кезі осы уақытпен сәйкес келеді. 2016 жылы 28 желтоқсанда Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Қуандық Уәлиханұлы Бишімбаев Қазақстан Республикасының экономика министрі қызметінен босатылады.
- “Жүкті болуы мүмкін”: Бишімбаевтың әйелінің өліміне қатысты жаңа деректер пайда болды
- "Жұмысыңды ауыстыр деп айтушы едім": Костенко шахтасындағы апаттан қаза тапқан кеншінің анасы ұлы туралы естеліктерімен бөлісті
Тағы бір айта кетері, Бишімбаевтың үстінен іс қозғалып жатқанын ең алғаш Назарбаевтың өзі айтқан. 30 желтоқсанда Назарбаев Бишімбаевтың үстінен тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын хабарлап, осы мәселелерге қатысты қызметінен босатылғанын жеткізген. Осылайша Қуандық Бишімбаев қылмыстық қудалауға іліккен алғашқы “Болашақ” түлегі болды.
2018 жылы 8 қаңтарда Бишімбаев сот процесі кезінде Назарбаевтан “сенімін ақтай алмағаны үшін” кешірім сұраған.
“Президенттің сенімін ақтай алмағаным әрі жаныма батады, әрі ұят. Кадр таңдауда қателікке ұрындым. Жақын тұтқан адамдар мені және сенімімді пайдаланып кетті. Мемлекет басшысынан, барша халқымыздан бұл үшін кешірім сұраймын", – деген еді Бишімбаев.
Түрмеден босап шығуы
Қуандық Бишімбаевтың түрмеден босап шыққаны туралы ақпарат 2019 жылдың қазан айында шықты. Бюджет қаржысын жымқырғаны үшін 10 жылға сотталған экс-шенеуніктің жазасын жеңілдету туралы өтінішін сот 25 қыркүйекте қанағаттандырып, бостандыққа шыққан.
Қылмыстық атқару жүйесі комитеті берген түсініктемеде “Бишімбаев президенттен кешірім беруді сұрап өтініш жазды, Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындап, ісіне өкінді. Сот белгілеген шығындарды өтеді. Жазасын өтеу кезінде өзін жақсы қырынан көрсетті” делінген.
Кейін, нақтырақ айтсақ, 2022 жылдың қарашасында әлеуметтік желіде Бишімбаевтың қымбат көлікпен жүрген суреті тарады. Сол уақытта қоғам бұрынғы министрдің түрмеден тез босап шыққанын сынаған.
Еске салайық, 2023 жылдың 9 қарашасында Қуандық Бишімбаевтың ұсталғаны туралы белгілі болды. Полицияның хабарлауынша, Астанадағы мейрамханалардың бірінде келушілер арасында жанжал шығып, салдарынан әйел алған жарақаттан көз жұмған.
Дәрігерлердің сөзінше, жедел жәрдем пультіне қоңырау 19:54-те түскен. Жедел жәрдем бригадасы жеткенде 1992 жылы туған әйелдің қайтыс болғаны расталған. Мәйіт полицияға тапсырылды.