Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"10 жыл қолданған нөмірімді 300 мың теңгеге сатты": Қазақстандық қыз Beeline операторы нөмірін істен шығарып тастағанына наразы

Фото: Kartinkin.net

Қазақстандық қыздың 10 жылдан бері қолданып жүрген нөмірі өздігінен істеп шығыпты. Сөзінше, Beeline мобильді операторы оған нөмірді қайтарып алуы үшін 300 мың теңге төлеуі керегін айтқан. Қыз оператордың әрекетіне наразы. 

Желі қолданушысы Threads әлеуметтік желісіне Beeline-ға қатысты шағымын жазды. Ол нөмірінің не себепті “Платина” санатына ауысып кеткен түсіне алар емес.

“Мен осы нөмірді 10 жылға жуық пайдаландым. Нөмірім Kaspi-де, банктерде, eGov-та, SMS арқылы тексеруді қажет ететін барлық платформаға тіркелген. Бірақ жақында номерім жоғалып кетті. Beeline кеңсесіне барып, сұрастырдым. Олар маған "Нөміріңіз сіздің атыңызға тіркелмеген. Оны қайтарғыңыз келсе, 300 000 теңгеге сатып алыңыз. Ол қазір "Платина" санатында” деді. Күнделікті қолданатын нөмірім қалайша "менікі емес" болып шықты?”, – деді қыз.

Сөзінше, ол осы жайттан соң арыз жазған. Бірақ сол кезде мобильді оператор басқаша себеп айтып, сөзін өзгерте бастады дейді.

“Енді Beeline маған “нөмірді көптен бері пайдаланбағаннан" деп отыр. Алайда ол тәулік бойы қосулы болды. Неге онда маған ешкім нөмірдің жойылып кететінін ескертпеді? Не себепті өз нөмірімді қайтарып алуға мәжбүр болып отырмын? Дұрыс түсіндірулеріңізді талап етемін. Бұл – тұтынушы құқығын бұзу, тіпті алаяқтық деп қарастыруға болады”, – деді Динара. 

Stan.kz тілшісі жағдайды Beeline баспасөз қызметінен сұрап білді. 

“2016 жылдан бері бұл абоненттің нөмірі базамызда жоқ. Өйткені абонент осы нөмірмен басқа операторға ауысып кеткен. Кейін бұл нөмір жойылды. Оның себебі бізге белгісіз, өйткені абонент басқа операторда болған. Әдетте мұндай жағдай нөмірді ұзақ уақыт қолданбаған кезде орын алады. Нөмір ұзақ уақыт қолданбай, иесіз қалған соң, ол автоматты түрде алғашында кімнің қорында болса, сол операторға қайтарылады. Яғни Beeline-ға қайтарылған”, – деді Beeline баспасөз қызметі. 

Бұл — Қазақстандағы барлық ұялы байланыс операторына бірдей қолданылатын, реттеуші органмен бекітілген стандартты процедура. Маңызды жайт — нөмірлік қор байланыс операторларына емес, мемлекетке тиесілі.

“Нөмір бізге сәуірде қайтарылды. Осы уақытқа дейін ол біздің жүйемізде болмағандықтан, оның нақты қайда және қалай қолданылғанын айта алмаймыз. Қазіргі уақытта бұл нөмір бос, ешкімнің атына тіркелмеген. Алайда біз абоненттерімізге кез келген мәселе бойынша көмектесуге дайынбыз, бұл жағдайда да шешім таптық — абонент нөмірдің өзіне тиесілі екенін растайтын құжаттарды ұсынуы қажет, сол кезде нөмір қайтадан абонентке қайтарылады”, – делінген хабарламада. 

Компания осындай жағдайлардың алдын алу үшін өз нөмірлерінің тіркелгенін тексеріп тұруға кеңес береді. Ол үшін *835# пәрменін теріп, нөмірдің тіркелгені жайлы sms арқылы ақпарат алуға болады.

Қырмызы Скендирова
Дүйсенбі, 28 Сәуір, 2025 11:16
Талқылау