Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"1 миллион теңге ұттым": Алматылық мұғалім химияны тереңдетіп оқитын үздік авторлық бағдарлама жасап шыққан

27 жастағы Суннатулла Әбдіғаниұлы республикалық “Үздік авторлық бағдарлама” байқауының жеңімпазы, “Жыл мұғалімі” байқауының 3-орын иегері. Ол Алматы қаласындағы №92 мамандандырылған лицейінің химия пәнінің мұғалімі. Жаңашыл әдіс-тәсілдерді оқыту процесінде қолданып жүрген ұстаз бүгінде өз оқулықтарын да шығарып үлгерген. Маманнан оқыту процесіндегі авторлық методикасы мен жетістікке жету жолындағы құпиясын сұрадық.

Суннатулла Әбдіғаниұлы, жеке архивтен

Суннатулла Әбдіғаниұлы Түркістан қаласы, Қарашық ауылдық елді мекенінің тумасы. Мұғалімдік қызметте жүргеніне биыл алтыншы жыл болыпты.

Ол 2012-2018 жылдар аралығында Қазақ Ұлттық Университетінде химия мамандығы бойынша бакалавр мен магистратура деңгейлерін тәмамдаған. Содан соң Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық Университетінде химия мамандығы бойынша докторантураны бітірген.

Суннатулланың сөзінше, мұғалімдік қызметке келуіне оқушыларға білім беріп, жетістікке жетуге жетелесем деген ниеті себеп болған.

“Мұғалімдік қызметке келуіме 2016 жылы республикалық олимпиадаға химия пәні бойынша әділқазы алқасы мүшесі ретінде қатысуым себеп болды. Құштарлығым ашылды деуге болады. Олимпиада барысында оқушылар мен тәлімгер мұғалімдердің қуанышты сәттеріне куә болып, өзім де оқушы тәрбиелеп, дайындап жетістікке жеткізсем деген ой келді. Сол жылдан бастап, оқушыларды олимпиадаға дайындап, сабақ беріп келемін”, – дейді ол.

Осылайша Суннатулла 2016 жылы №39 мамандандырылған лицейге, ал 2017 жылдан бастап №92 мамандандырылған лицейде химия пәні бойынша мұғалімдік қызметке орналасады.

Айтуынша, оқу процесінде оқушыларды сабаққа қызықтыру үшін бірқатар әдіс-тәсілдерді қолданады.

“Джиско әдісі, саралап оқыту, шахмат әдісі, жеке жұмыс, ойын технологиясы, Insert әдісі, Венн диаграммасы, Блум таксономиясы, миға шабуыл сияқты әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолданып келемін. Өзіме қатты ұнайтыны – саралап оқыту және жеке жұмыс әдіс-тәсілі. Себебі бұл тәсілдерді қолдану барысында әр баламен толықтай жеке-жеке жұмыс жасауға мүмкіндік туады

Сабақта балаларды қызықтыру үшін миға шабуыл әдісін көбірек қолдануға тырысамын. Әртүрлі деңгейдегі, тарихи, қызықты сұрақтарды қою арқылы сабақты бастауға болады”, – дейді химия пәнінің мұғалімі.

Суннатулла Әбдіғаниұлы жеке архивтен

Қазіргі таңда Суннатулла 7-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі оқушыларға сабақ беріп жүр. 

Мұғалім "Үздік авторлық бағдарлама" байқауына қатысуға оқушылардың білімін тереңдетуге үлес қосу себеп болды дейді. Байқауда ол 7-11 сынып оқушыларына арналған тереңдетілген химия курсын ұсынған.

“Бағдарлама туралы мектепке келген хат бойынша білдім. Бұған дейін де мұндай жарыстың бар екендігін естігенмін. Бұл жарысқа қатысуыма себеп – оқушылардың білімін тереңдету мақсатында көмекші құрал, яғни бағдарлама жасауым. Яғни, оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, аудандық, қалалық, республикалық олимпиадалардың деңгейлеріне сай, сондай-ақ әр сыныптың оқу бағытына сай жасалған.


"Екі бөлмелі пәтер ұттым": Алматылық мұғалімдер қалай үздік оқытушы атанғандарын айтып берді 


Байқау онлайн түрде, аудандық, қалалық  республикалық  деңгейде өтті. Жарысқа қатысу ең алдымен өзім үшін тиімді болды. Себебі өзімнің бағдарламам қаншалықты дәрежеде тиімді, өзгерістер енгізудің қажет не қажет емес екендігіне қатысты сұрақтарға жауап алдым”, – дейді Суннатулла.

Байқаудың ерекше тұсы, яғни маған қатты ұнағаны – жасаған жобаны ары қарай дамытуға, сондай-ақ қосымша материалдарға деген жаңаша көзқарас, жол ашылады.

Суннатулла бұл жобаға өте көп уақытын жұмсағанын айтады. Қиындықтар да болды дейді.

“Бағдарламаның артықшылығы, балаларға берер пайдасы, ұйымдастыру барысы, қосымша материалдар туралы ақпаратты 5-7 минуттық видеода көрсету қажет болды. Youtube платформасында канал ашып, мұғалімдерге көмекші құрал ретінде бірнеше видео сабақтар түсіріп, қысқа мерзімді жоспарлар дайындап, кітап шығардым.  

Бұл бағдарламаны дайындау оңай болған жоқ. Дәл осыған ұқсас жобаларды қарап, зерттеп шықтым. “Мен дайындайтын бағдарламаның өзгелерінен артықшылықтары қандай?” деген сұраққа жауап табу қиынға соқты”, –дейді ол. 

Химия пәнінің мұғалімі бүгінде өз оқулықтарын да шығарып үлгерген.

“Көмекші құрал ретінде шығарған ең алғашқы кітабым – “Ерітіндідегі тепе-теңдік" деп аталады. Қазіргі таңда №92 лицейде сабақ барысында қолданылып жүр. Алдағы уақытта тағы да бірнеше кітапты шығару ойда бар. Алдағы уақытта авторлық бағдарламамды толыққанды жетілдіріп, оқушыларды жетістікке жеткізуге бар күшімді салу ойда бар. Қазіргі таңда мектепте "Ойын технологиясының қолданылу әдісі және компьютеризациялау" тақырыбы аясында тәжірибе жүргізіп жатырмын, ”, – дейді ол.

Суннатулланың тағы бір жетістігі – 2021 жылдың күзінде "Жыл мұғалімі" байқауына қатысып, жүлделі үшінші орын иеленгені. Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бақытжан Сағынтаев қолынан 1 млн теңге көлемінде сыйақы алған.

“Балалардың өздігінен білім алып, дамуына, сондай-ақ дарынды балаларға бағыт-бағдар беруде осындай бағдарламалардың көмегі мол. Яғни осы бағыттағы байқаулардың жиі ұйымдастырылуы маңызды”, – дейді ол.

"Жыл мұғалімі" байқауында жеңіске жетуіне халықаралық, республикалық деңгейдегі ғылыми жоба, олимпиадаларға қатысқан оқушылардың жетістіктері себеп болды дейді оқытушы.

“Әрине, "Үздік авторлық бағдарлама" байқауында орын алуымның ықпалы болса керек. Әртүрлі шетелдік басылымдарға өзімнің мектепте жүргізіп жатқан әртүрлі тәжірибелерім туралы мақала жариялап келемін.

Бағдарламам қарапайымнан күрделіге қарай топтастырыла отырып жасалған, яғни бұл тек қана бір сыныпқа арналған бағдарлама емес. Оқушылардың толыққанды білім алуына тікелей жол ашады.

Осылардың барлығы менің байқауға қатысып қана қоймай, жеңіске жетуіме себеп болса керек. Ол кезде бізде қашықтықтан білім беру мақсаты болғандықтан, ғаламтор желісіне бірнеше видео сабақтар жүктеп, соған байланысты арнайы методикалық кітап, оқушыларға жұмыс дәптерін шығарғанымды көрсеткен едім”, – дейді ол.

Қазіргі таңда ұстаздар қауымы тарапынан дарынды балалармен жұмыс жүргізу деңгейі сәл ақсап тұр дейді маман.

Айтуынша, көп мұғалімдер қалалық, республикалық олимпиадалардың есептерін шешу барысында қиналып қалады. Оқытушылар үшін түрлі курстар ұйымдастырып, білімін толықтырып отыру қажеттігін мұғалім баса айтты. 

 

Талқылау