Астанада еріктілер “Таза Қазақстан” акциясы аясында өзен жағалауын тазартты

Астанада “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясы аясында “Мөлдір бұлақ” бастамасы өтті. Игі шара барысында еріктілер өзен жағалауын тазалап, тұрғындарды табиғатты аялауға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
6 мамырда “Алматы” ауданындағы Ақбұлақ саябағының жағалауында өткен сенбілікке 30-дан астам ерікті қатысты. Іс-шараның мақсаты – су ресурстары мен қоршаған ортаға ұқыпты қарауды насихаттау.
Ішкі саясат басқармасының маманы Ернар Қуанышбайұлының айтуынша, қазір сенбілікке шамамен 35 ерікті қатысып жатыр. Олардың қатарында жасы үлкен тұрғындар да бар.
“Еріктілер өзен жағалауын қоқыстан тазартып жатыр. Мұндай шаралар апта сайын екі рет ұйымдастырылады. Шараның басты мақсаты – Қазақстанның тазалығын сақтау. Бұл бастама президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған “Таза Қазақстан” акциясы аясында жүзеге асып жатыр”, – деді Ернар Қуанышбайұлы.
Сонымен қатар ол тазалық акцияларына еріктілер ғана емес, колледждер мен университет студенттері де қатысатынын айтты.
“Біз жастарды табиғатты қорғауға үндейміз. Оқу орындарымен тұрақты байланыстамыз. Олар бізге әрдайым студенттер жіберіп, қолдау көрсетеді. Сонымен қатар барлық ақпаратты Instagram парақшаларымызға тұрақты түрде жариялаймыз”, – деді ол.
“Астана Жастары” КММ волонтерлік бөлімінің маманы Дана Азаматқызын барша қазақстандықты табиғатты қорғауға шақырды.
“Шара “Таза Қазақстан” акциясы аясында, “Жақсылық марафоны” апталығына орай ұйымдастырылып отыр. Сондықтан барша тұрғындарды осындай сенбіліктерге қатысуға шақырамыз. Табиғатты қорғауға бәріміз бірге атсалысайық”, – деді ол.
Оның сөзінше, еріктілердің басым бөлігі – мектеп оқушылары. Олар жобаға Instagram арқылы немесе ата-аналары мен достарының кеңесімен жазылады.
“Барлығы қайырымдылық негізде қатысады. Еріктілерге алғыс хаттар табысталады. Жаз мезгілі басталғаннан кейін Астананың әр ауданында апта сайын сенбіліктер ұйымдастырамыз. Кейде қала сыртына да шығамыз”, – деді Дана Азаматқызы.
Шараға қатысушы еріктілердің бірі Алуа Авшкур табиғатты таза ұстау бәріміздің ортақ міндетіміз дейді.
“Акцияға ерікті ретінде қатысып жатырмын. Осындай шаралар арқылы қаламыздың тазалығына өз үлесімізді қосамыз деп ойлаймын. Табиғатты таза ұстау барлығымыздың ортақ міндетіміз. Біз қоқыс жинап қана қоймай, адамдарға экологияның маңызын көрсеткіміз келеді. Қала таза болса, өмір сүру де жайлы болады. Осындай сенбіліктер адамдарды жауапкершілікке және табиғатты аялауды үйретеді деп ойлаймын. Сондықтан сіздерді осындай экологиялық акцияларға белсенді қатысуға шақырамын”, – деді ерікті.
Ал сенбілікке “Белсенді өмір сүру орталығының” атынан зейнеткерлер де қатысып жатыр. Солардың бірі Шаймерден Михайлұлы табиғатты таза ұстау тек жастардың емес, барлығымыздың міндетіміз дейді.
“Осындай шараларға зейнеткерлердің де атсалысқаны дұрыс. Жастарға әрдайым үлгі көрсетуге тырысамыз. Қоршаған ортаны таза сақтау болашақ үшін маңызды. Сондықтан мұндай экологиялық акциялар жиі ұйымдастырылса екен деймін”, – деді зейнеткер.
Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев па, әлде тарихи шындық бұрмаланды ма?