Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытай туын өртеген 19 азамат бес жылға дейін бас бостандығынан айырылды

Қытайдың туын өртеп наразылыққа шыққандар

Талдықорғанда Қытай туы мен Си Цзиньпин портретін өртеді деп айыпталған 19 адамға сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Судья ұйым жетекшісі Бекзат Мақсұтхан бастаған 11 адамды 5 жылға бас бостандығынан айырды. Олардың ішінде Тұрсынбек Қаби, Еркінбек Нұрақын, Ербол Нұрлыбаев, Марғұлан Нұрданғазы, Қуандық Қосжанов, Бақытжан Шұғыл, Батылбек Байқазы және Ерғали Нұрлыбаев бар. Сондай-ақ сот Гүлдария Шеризат пен Гүлнәр Шаймұратқа 5 жылдық түрме жазасын бергенімен, кәмелетке толмаған балалары болғандықтан бұл шешімді орындауды кейінге қалдырды.

Қалған азаматтар бас бостандығын шектеу жазасын алды. Ұйым заңгері Нәзигүл Мақсұтхан, Беделхан Қабыләшім, Нұркелді Нұрсапа және Ақжігіт Бейсенәлі 4 жыл 8 айға сотталса, Қанат Тұрдыбай, Асылхан Қолхаев, Аян Қалымбек пен Бақытнұр Нұрмұқанның бостандығы 5 жылға шектелді. Судья Ақжігіт Бейсенәлі мен Бақытнұр Нұрмұқанды сот залынан босатып, үйлеріне жіберді. Үкімге сәйкес сот барлық 19 адамға 3 жыл бойы қоғамдық-саяси жұмыстармен айналысуға қатаң тыйым салды.

Іс жабық режимде қаралды. Кейбір айыпталушылар сотқа тергеу изоляторынан онлайн қосылған.

Бұл іс 2025 жылғы 13 қарашада Алматы облысының Ұйғыр ауданында өткен наразылықтан кейін қозғалған. Белсенділер Қытайда ұсталған Қазақстан азаматы Алимнұр Тұрғанбайды босатуды талап етіп, Қытай туын және ҚХР басшысының бейнесін өртеген. Полиция бұл әрекетті "Ұлтаралық араздықты қоздыру" деп бағалап, қылмыстық іс қозғады.

Белсенділердің бірінің күйеуі – ұйғыр ұлтынан шыққан қазақстандық жүргізуші. Ол бес жылдан астам уақыт бұрын Қытай азаматтығынан бас тартқанына қарамастан, 2025 жылы Қытайда ұсталған. ChinaAid мәліметінше, қытай билігі оны "заңсыз діни қызметке қатысқан" деп айыптаған. Алайда Қытай оны әлі де, тіпті оның паспортының "жарамсыз" деп белгіленгеніне қарамастан өз азаматы ретінде қарастырады. Бұл жағдай ерекше, өйткені Қытай ресми түрде қос азаматтықты мойындамайды.

STAN.KZ
Жұма, 17 Сәуір, 2026 12:30