"Көшедегі адамдардың телефон сигналын бұзады": Қазақстандықтарға алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескерту жасалды

Қазақстанда алаяқтар жаңа қауіпті схемаға көшкен. Олар енді көшеде, саябақта немесе сауда үйінде жүрген азаматтардың телефонын арнайы құрылғымен бұзады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңа схема үшін алаяқтарға тіпті қоңырау шалудың да қажеті жоқ. Олар жоғары технологиялы алдау схемасын қолданған.
Қаскөйлер "SMS-бластер" деп аталатын арнайы құрылғыны пайдаланған. Бұл құрылғы байланыс мұнарасын (базалық станцияны) қолдан жасап, шамамен 300 метр радиустағы телефондардың сигналын ұстап алады. Смартфондар пайдаланушының қатысуынсыз-ақ сол жалған желіге автоматты түрде қосылады. Одан кейін телефонға операторлар мен банктердің атынан келгендей жалған хабарламалар жіберіледі.
Алаяқтардың әрекет ету схемасы:
- жалған базалық станция
- сигналды ұстап алу
- телефонды қосу
- SMS тарату арқылы жүзеге асады.
Хабарламалар танымал сервистерден келгендей болып көрінеді. Көбіне "бонусыңызды айырбастаңыз" деген сияқты ұсыныстар болады. Сілтемеге өткен адам жалған сайтқа кіреді. Сол жерде өзі телефон нөмірі, банк картасының деректері, CVV код, SMS-код сияқты жеке деректерін енгізеді.
ОқыңызОсылайша алаяқтар адамдардың есепшоттарына толық қол жеткізген. Құрылғыларды олар көліктерге орнатып, адам көп жиналатын жерлерде базарлар мен сауда орталықтарының маңында қолданған. Бұл құрылғы сағатына 100 мыңға дейін SMS жіберуге мүмкіндік берген.
Аталған схема ерте кезеңде әшкереленді. Қазіргі уақытта төрт күдікті ұсталып, қамауға алынған.
Мамандар сонымен қатар жалған концерт билеттерін сатып, egov қызметінің атын жамылатындардан да сақ болуға шақырды.