Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жұмыстан қысқарғанда бір-ақ білген: Ақтөбеде мұнайшылар қытайлық инвесторға алданып қалған

Ақтөбеде вахталық әдіспен барып-келіп жұмыс істейтін Алматы облысының тұрғындары наразылық білдірді. Мұнайшылардың айтуларынша, "СИНОПЭК" атты қытайлық ірі корпорация 100-ге жуық жұмысшыны еш ескертусіз жұмыстан қысқартқанымен қоймай, бірнеше жыл алдап келген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме беріп.  

“Қанша адамның денсаулығына зиян келгеніне қарамай, тек аз ақша ғана төлеп, жұмыстан шығарып жатыр. Аса ауыр, аса зиян болғандықтан, компания тарапынан бес пайыз төленеді, осыны кейбір жұмысшыларға төлемей келген. Оны жұмысшылар байқамаған, оны шығарылып жатқанда біліп жатыр”, – дейді Ернар Қажыбай.

Мұнайшылар қытайлық инвестордың өздерін алдағанын жаппай жұмыстан қысқарып қалғанда бір-ақ білген. Алданған жұмысшылар 5-6 жыл еңбек демалысына шықпай істеген. Табысы миллиардтап саналатын мұнай корпорациясы ол заңды ақшасын төлемеген. Маңдай тер ақысын даулаған жігіттер қытайлық инвестормен кездесуге Алматыдағы бас кеңсесіне келген.

Алайда жұмыс беруші жағдайды түсіндірмеген, сөйлесуге кіргізбей қойған. Компанияның Ақтөбедегі филиалы да қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты. 60-қа жуық мұнайшы заң орындарына шағымданып, қытайлық инвесторға қатысты тексеріс жүріп жатыр.

“Жұмыстан босатқаны заңды ма, заңсыз ба, сосын екінші сұрақ, бізге төлеген төлемдер көлемі аз болды, толық емес дейді. Сол екі сұрақты анықтау үшін біз ол мекемеде тексеріс жүргіземіз, жоспардан тыс. Жалақысы дұрыс төленбеген болса, айыппұл болуы мүмкін”, – дейді Ақтөбе облысы бойынша еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Талғат Есқарин.

Талқылау