Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық 152 IT маманы еліміздегі жетекші банктердің біріне жұмысқа орналасуға жолдама алды

Бүгінде компанияларға өз ісінің шебері болған, кәсіпқой, білікті маман табу қиындық тудыратыны рас. Jusan Bank Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында IT мамандары мектебін ұйымдастыру арқылы мұндай мәселенің шешімін тапты. 

Қазір нарық дамып, банктік қызметтердің тізімі кеңейіп, клиенттерге жаңа және ыңғайлы жағдайлар ұсынылуда. Бағдарламалық ресурстарды еркін әрі тиімді қамтамасыз етуде көбіне мамандардың тапшылығы кедергі келтіріп жатады. Сондықтан банк Алматыдағы Jas Academy және Нұр-Сұлтандағы Jusan Singularity атты екі ірі білім беру жобасына бастамашы болды. Іздегенге сұраған: хабарландыруға әр қаладан 3000 үміткер қызығушылық танытты. Бұл жобаға елордадан 52 адам іріктеуден өтіп, білім алса, Алматыдан 100 адам қатысты. Олардың барлығы болашақта банк бөлімшелерінде жұмыс істейтін болады. 

Ұйымдастырушылар білім алушылардың жасы мен білім тәжірибелеріне қарай шектеу қоймады. Төрт ай ішінде JAVA, iOS, Android, Frontend әзірлеушілері, DevOps және PHP инженерлері біліктіліктерін арттырды. Олардың ішінде өз бетімен бағдарламалау тілін үйренгендері де табылды. 

"Мен IT-компанияның басқа бағытында жұмыс істедім. Сөйтіп жүріп өткен жылдан бастап Youtube арқылы бағдарламалауды үйренуге қызыға бастадым. Байқау туралы хабарландыруды көргеннен кейін мен РНР тілін таңдауды шештім. Себебі бұл – ең көп таралған бағдарламалау тілі. Барлығы бұл тілді ескірді деп ойлауда, алайда шындығында қазір нарықтың 60 пайыздан астамы осы тіл тәсілін қолданады",- дейді Jusan Jas академиясының түлектерінің бірі Ерік Тодиков.

Ерік Тодиков бірге оқыған 99 жас маман Алматыдағы Jusan Bank-тің бас кеңсесінде еңбек жолын бастауға дайындық үстінде.

Jusan Bank басқарма төрағасының орынбасары Мирас Шайхысламовтың айтуынша, жобаға қойылған барлық міндет орындалған.

"Іріктеуді бағдарламалауды білетін, IT саласымен таныс мамандар жүргізді. Біздің мақсатымыз үміткерлердің кәсіби деңгейін бірнеше есеге көтеру болды. Оқыту бағдарламасы білім алушылардың банк секторындағы болашақ жұмысының ерекшеліктерін ескере отырып, арнайы әзірленген",  –  деп түсіндірді Шайхысламов.

Бұған қоса Нұр-Сұлтан қаласындағы Jusan Singularity-дің сертификатын иеленген 52 түлек бүгінде банктің астаналық филиалына жұмысқа орналасқан.

Бұл цифрлық банкинг секторында мамандарды даярлауға бағытталған Қазақстандағы алғашқы әлеуметтік-білім беру IT жобасы. Алғаш рет жеке компания қазақстандық IT-еңбек нарығы үшін жоғары сапалы кадрлық резервті қалыптастыруды осындай ауқымда жүзеге асыруда. Мұнда мектептің барлық студенттері тегін оқытылып, төрт ай бойы ай сайын 100 000 теңге көлемінде шәкіртақы алады.

"Әлеуметтік бизнесті бастаушы ретінде біздің міндетіміз – Қазақстандағы адами капиталды дамытуға үлес қосу және сапалы білім алуға мүмкіндік беру", – деп түйіндеді Мирас Шайхысламов.
Талқылау