Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жүк көлігі аялдамадағы адамдарды қағып кеткен: Алматы облысында ауыл тұрғындары тас жолды жауып тастады

Алматы облысындағы ауыл тұрғындары Алматы-Жетіген тас жолын жауып, шенеуніктер келгенше кетуден бас тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Видеодан скриншот

Екі апта бұрын ауылда жүк көлігі аялдамада тұрған адамдарды қағып кеткен. Содан екі адам мерт болды. Жергілікті тұрғындар түнде жүргізушілер жаяу жүргіншілерді көрмейтінін айтып, тас жолды жарықтандыруды, "Сергек" камераларын орнатуды, жылдамдықты азайтуды талап етті. 

“Осыдан бес жыл бұрын да үш адамды қағып кеткен жүргізушілер қашып кетті. Бұл бірінші рет емес. Жолаушылар өткелі түнде көрінбейді. Мұнда КамАЗ, МАЗ, жеке жеңіл көліктер 180-200 шақырым жылдамдықпен жүреді. Бау-бақша қоғамының әр кезегіне зебра, жаяу жүргінші жолын, жарықтандыру орнатылуын талап етеміз. Жылдамдықты да тексерсін”, – деді тұрғын Нурия Романенко.

Наразылар жолды жапты. Кейбіреулері балаларын да ала келген. Осыған байланысты тас жолда бір шақырымға созылған көлік кептелісі пайда болды.  

“Көліктер жоғары жылдамдықпен жүреді. Бұл жер ауылға кірмейді деп құтылады. Мұнда жылдамдықты төмендету туралы белгі жоқ. Ата-аналар балаларын шығарып салып, қолдарынан ұстап өтеді. Бұл жерде басқа жол жоқ. Көліктер мүлдем тоқтамайды. Адамдар жолды кесіп өтерде қолшам ұстап немесе шағылысатындай киім киеді”, – деді Валерий Талашкин.

Наразылардың арасында марқұмның әйелі де бар. Перизат Күзербаева екі апта бұрын ең жақын адамынан айырылды. Жүк көлігі жоғары жылдамдықпен аялдамада тұрған адамдарды қақты. Соның салдарынан Перизаттың күйеуі мерт болды. 33 жастағы ер адам отбасында жалғыз асыраушы болған, балмұздақ зауытында жұмыс істеген. Үш бала әкесіз қалды.

"Жол апаты туралы естігенде, "Менің күйеуім тірі болса ғой" деп ойладым. Үш баламыз бар, үлкені сегіз жаста, ортаншысы алтыда, кішісі үш жаста. Тіпті жерлеу күні де олар "Әкем келмей ме? Ол қайда?" деді. Әкесінің енді келмейтінін қалай айтам оларға?”, – деді марқұмның әйелі Перизат Күзербаева.

Полицейлер де тұрғындарды кетіре алмады. 

“Жол белгілерін жарықтандыру 13 маусымға дейін болады... Бірақ біз барлығын 10-ына дейін орнатуға тырысамыз. "Сергек" камералары жыл соңына дейін кезең-кезеңмен қаржыландыру арқылы орнатылады. Көше бойындағы жарықтандыру келесі жылы орта мерзімді жөндеу аясында орнатылады”, – деп мәлімдеді Алматы облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Алмас Данияров.

Талқылау