Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Нақұрыс, кеще, еркекқұмар” деп атайды: Өскемен тұрғыны 10 жастағы ұлы мектепте буллингке ұшырағанын мәлімдеді

Әлеуметтік желілерде Өскемендегі мектептердің бірінде оқушыға қысым көрсетіліп жатыр деген ақпарат тарап, қоғам белсенділері елең етті. Ресми ақпаратқа сүйенсек, оқиға Сағадат Нұрмағамбетов атындағы №4 мектепте болды. Кемсітуге тап болған баланың анасының сөзінше, тұтас сынып қазір ұлына қарсы шығып жатыр. Stan.kz тілшісі болған жайтпен толығырақ танысты. 

Өскемен қаласындағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы №4 мектебі

Басынан кітаппен ұрады, заттарын лақтырады

Баланың анасы Людмила Демченко өзінің де, ұлының аты-жөнін өзгертіп беруді өтінді. Оның сөзінше, сыныптағылар соңғы бір жарым ай көлемінде, мүмкін одан ерте, “нақұрыс, кеще, еркекқұмар” сияқты сөздерді айтып, намысына тиген.

"Мектепте ұлым араласып жүретін бір бала бар. Бірде маған Кириллді (аты өзгертілді – авт.) сыныптағы қыздар да басынан кітаппен ұрғандарын айтып қалды. Бастапқыда 1-2 бала ғана әкіреңдейтін, қазір бәрі "өнерлерін" көрсетіп жүр. Сонда ірі денелі оқушы Кирилл сияқты арық, кішілеу баланы ермек қылып алған. Ұлым бірге-бір қарсы шықса, шамасы жетпейтінін біледі. Бірде мектептен қайтып бара жатып, жанға батар сөздерді жаудырып жүрген бес баланың атын тізбелеп берді", – деді анасы.

Кейінірек Кириллдің кітаптарын, партасында тұрған заттарын тартып алып, лақтырып, бермей қоюды шығарған. Қорланған оқушы мұны мұғаліміне де айтыпты. 

"Мұғалімі "біреу-міреу тиісіп жүр ме?" деп жалпылама сұраған сияқты. Себебі ұлымның шағымынан түк шықпады. Қысқасы, сынып жетекшісі бәрін қадағалап жүргенін айтып сендірді. Маған оның қадағалағаны не керек? Одан да сол балалардың ата-анасын шақырып, басын ашып алу керектігін айттым. Тіпті мұғалімге бәрібір сияқты, аналық мейірімі байқалмайды", – деді Людмила Демченко.

Баласына алаңдап, анасы да ауырып қалған

Бұған қатысты қалалық білім бөлімі ресми ақпарат ұсынды. Олардың сөзінше, осы фактіге байланысты өтініш түспеді. Олар қазан айының 9-ы күні жиын өткізіліп, ата-аналар мен кәмелетке толмағандар ісі бойынша инспектор қатысқанын жеткізді. Кириллдің ата-анасы мұны кәдімгі буллинг деп атады. Одан бөлек, тұтас сынып бір жақта, ұлы бір жақта қалғанын ескеріп, барынша сабырмен әрекет етуге бекінген. Себебі баласына қатысты айтылған алып-қашпа әңгімелерден жуықта екі аяғы тартылып, жүруден қалды.

"Жедел жәрдемге қоңырау шалып, тез арада көмек берулерін сұрадым. Олар тексеріп біткен бойда "барлығы жүректен" деді. Жүйкеге салмақ түссе, ағзадағы магний шығып кететін көрінеді. Содан болар, жүрек соғысым баяулап кетті.

Қызығы сол, мектеп әкімшілігі өткізген отырыста тақырыпқа терең үңілген ешбірін байқамадым. Есесіне, мектептегі түрлі психологиялық соққылардан балам үйдегі жуынатын бөлмеде қамалып алатынды шығарды. Есікке келеді де, қатты-қатты қағып тұрады. Неге сөйтеді десем, мектепте жиі болатын жағдай екен. Кирилл орындықта тербеліп отырса, айналасындағылар дікеңдеп, жекіп тастайды. Ұлым оларға ерегесіп, қатты тербеледі. 10 жастағы бала өзіне деген қысымға осылай жауап беріп жүр", – деді анасы.

"Мазақ ету қалыптасып кеткен"

Кәмелетке толмаған балалар құқығын қорғайтын қордың облыс бойынша төрайымы Александра Талхигова осы мәселені өзінің тікелей эфирінде талқылады. Ол баланың анасы мұны естіген бойда жағдайы күрт нашарлап, жедел жәрдем көмегіне жүгінгенін айтты. Ал баланың өзі тоқсан ортасында сыныптастары тарапынан қорлық көріп, оны бастапқыда жасыруға тырысқан.

"Ұзақ шыдау мүмкін болмаған соң анасына жеке заттарын бүлдіріп, сындырып, ар-намысын таптайтын сөздерді жаудырғандарын жеткізді. Мұны бірнеше рет мұғаліміне айтыпты. Бірақ ол ерсі көрінетін ешнәрсе байқамағанын айтқан. Одан бұрын, мені ата-аналар чатында “бұзықтардың” бірінің анасы айтқан сөз таңырқатты.

"Дүйсенбі күні жиналыс өтеді. Ана ұлдың ба, қыздың ба, әкесі келеді екен" дегені жаға ұстатты. Яғни оны кемсітіп тұр. Зардап шеккен оқушының өзі сап-сау, ешқандай ауытқушылығы жоқ. Анасының айтуынша, сабағы да жақсы. Бірақ сынып ішінде оны әбден мазақ ету қалыптасып кеткен екен", – деді Александр Талхигова.

ШҚО Полиция департаменті ақпаратынша, бұл жағдай Ертіс полиция бөлімінде ақпаратты есепке алу кітабында тіркелді. 

"Буллинге тап болды деген шағым қазан айының 6-сы түсті. 36 жастағы ата-ананың өтініші негізінде сынып жетекшісінің болған әрекетке шара қолданбағаны да айтылды. Аталған факті қазан айының 9-ы күні полиция қызметкерлерінің қатысуымен мектеп профилактикасы кеңесінде қаралып, мұны ары қарай кәмелетке толмағандар ісі бойынша комитет қадағалайтыны туралы шешім шықты", – деді ШҚО ПД баспасөз хатшысы Татьяна Карпова.

Людмила Демченко Кириллді басқа сыныпқа, басқа мектепке ауыстыру жағын да ойлапты. Бір есептен, жуықта ғана баласы тізбелеп берген оқушылардың ата-аналары істі бұлай шулату қисынсыз екенін айтып, керек болса, олар да өз құқықтарын қорғай алатынын алға тартқан. 

 

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Талқылау