Жойқын цунами кезінде отбасынан айырылған бала 21 күнді су үстінде өткізіп аман қалған
Индонезияда 7 жасар бала жойқын цунамиден кейін жалғыз өзі аман қалып, 21 күнді су үстінде өткізген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Sun порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: The Sun
Оқиға 2004 жылғы жойқын цунами кезінде болған. Бұл апаттан Индонезияда 230 мың адамның өмірі қиылған.
Оқиға кезінде Йен Довастон мен оның әріптестері сол орынға барған. Сапар кезінде Ұлыбританиядағы теледидарға материал дайындап жүріп Мартунис есімді 7 жасар баланы жағажайлардың бірінен кездейсоқ тауып алған. Кейін тілшілер оны құтқарып, қауіпсіз жерге апарған.
Мартунис цунами күні достарымен ойнаған футбол алаңынан үйге дейін жүгіріп барғанын айтты. Ол анасы мен әпкесімен бірге көлікке мініп, апаттан қашқысы келген. Бірақ толқын оларды басып озып, судың ағынынан бала отбасынан көз жазып қалған. Тірі қалу үшін ол жолында кездескен барлық нәрсені — матрац, кездейсоқ заттар, тіпті кокос жаңғағын қалтқы ретінде қолданған. Біраз уақыттан кейін Мартунис тұщы су бассейнінің жанындағы таяз жерге келген. Үш апта бойы ол бұл жерде су бетінде қалқып жүрген жылдам дайындалатын кеспе пакеттерін алып қоректеніп, аман қалған.
Баланы тапқан Довастон оны Save The Children қайырымдылық қорының баспанасына алып барған. Онда Довастон анасы мен әпкесінің апаттан қашып құтыла алмағанын білді. Алайда көп ұзамай ол әкесі мен әжесімен қайта қауышты.