Кейінгі үш жылда жөндеуге 2 миллиардтан астам қаржы бөлінген: Желіде тозығы жеткен “Қазпошта” бөлімшелерінің суреті тарады
Желіде тозған “Қазпошта” бөлімшелерінің суреттері тарады. Суретке қарап бөлімше ғимаратының мүлде жөндеуден өтпеген мүшкіл хәлін байқауға болады. Stan.kz тілшісі осы жайттан соң “Қазпошта” АҚ-дан ғимараттарға жөндеу неге жүргізілмегенін сұрап білді.
Фото: Сәуле Ахметова Facebook парақшасынан
Бұл – Алматы облысы Талғар қаласындағы “Қазпошта” бөлімшесінің суреті. Оны Сәуле Ахметова есімді тұрғын өзінің Facebook парақшасында жариялады. Бұл бөлімше Бокин 5 көшесінде орналасқан.
“Бұл жер үшін жөндеу жұмысы – тек арман. Басқа айтарым жоқ”, – деп жазды автор.
Суретте бөлімше қабырғалары бірнеше жылдан бері жаңартылмағаны, ескі сырланған ағаш есік пен тозығы жеткен еден көрсетілген.
Талғардан бөлек, Алматы облысының Қарасай ауданындағы Қырғауылды кентінде де Қазпошта бөлімшесі ескі заманды еске түсіреді. Желіде тараған суреттен ондағы ескірген диван орындықтар мен түсі қашқан бөлімше қабырғаларын көруге болады.
Фото: JexeNews
Желіде бұл бөлімше тұрғындар үшін заттарын тасымалдаушы орын ғана емес, сонымен қатар кеңес заманындағы естеліктерді сезінетін ескі жерге айналғаны жазылған.
Қазпоштаның осыған ұқсас ғимараты Ақтөбе облысында да бар. Атап айтқанда Қандыағаш қаласындағы Молодежный шағынауданында, 24-үйде орналасқан бөлімшенің едені тіптен тозған.
Фото: “Диапазон” порталынан
Деректерге сүйенсек, мұнда еден қанша жуылғанымен, тазалығы өкінішке қарай көрінбейді. Ал жұрт мұндай бөлімшеде өздерін жайсыз сезінетінін айтқан екен.
Stan.kz тілішісі бүгінде 3 мыңға жуық бөлімшесі бар, 18 мыңға жуық адам қызмет ететін "Қазпошта" АҚ-дан неліктен ғимараттардың осыншалық хәлде жөндеусіз тұрғанын сұрап көрді.
“Бөлімшелердің көбі 30 жыл бойы жөндеу көрмеген. Тіпті бір бөлігі кеңес кезінен қалған ғимараттар. Соған қарамастан "Қазпошта" АҚ бөлімшелердегі жөндеу жұмыстарын басты мақсаттардың біріне кіргізеді”, – деді компания.
Компания бұған дейін шығынға жұмыс істегенін алға тартты. Сол себептен жөндеу жасау мүмкін болмаған екен.
“Естеріңізде болса, "Қазпошта" АҚ 2023 жылы пандемиядан кейін алғашқы рет жылды табыспен аяқтады. Бұған дейін, компания шығынға жұмыс істеген еді.
2023-2024 жылдар Компания үшін "антикризистік" кезеңге айналды. "Қазпошта" АҚ барлық табыс мөлшерін қызметкерлердің жалақысын көтеру мен инфрақұрылымды жақсартуға бағыттап жатыр. Бүгінде ауылдық өңірде орналасқан 962 ғимарат бар. Оның 65%-ы жөндеуден өткізуді қажет етеді. 2023-2024 жылдар аралығында 125 ғимарат жөндеуден өткізілген еді. 125 ғимараттың жөндеуіне компания есебінен 1,6 миллиард теңге жұмсалды. 2025 жылы 62 ғимаратты жөндеуден өткізу жоспарланған. 2025 жылғы жөндеу жұмыстарына компания есебінен шамамен 1 миллиард теңге жұмсау көзделген”, – деді компания.
Еске салсақ, бұған дейін "Қазпоштада" ақша жымқыру, алаяқтық, ұрлық және пара алу фактілері анықталғанын хабарлаған едік.