Жоғарғы сот Жыланбаевтың үкімін қайта қарауға негіз жоқ деп тапты
5 маусымда Жоғарғы сот оппозициялық белсенді Марат Жыланбаевтың ақтауды сұраған кассациялық арызын қараудан бас тартты. Сот алқасы оған негіз жоқ деп тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық Радиосына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Азаттық Радиосы
Жыланбаевтың арызы бойынша жабық сот отырысы бір сағатқа созылды. Адвокат Мейіржан Досқараев белсендіні сотқа қатыстырмағанын айтты. Ол Жоғарғы соттан кейін де күресті жалғастыруға ниетті.
"Бас прокурор, кейін сот төрағасына, одан нәтиже шықпаса, Конституциялық сотқа арызданамыз", – деді адвокат Досқараев.
Сот ғимаратына Жыланбаевтың оннан астам қолдаушысы жиналып, белсендіні қолдауға қарапайым тұрғындар мен зейнеткерлер де келді. Бір топ жақтасы залға кіргізуді талап еткенімен, сот отырысы жабық өтті.
Азаматтық белсенді Айжан Әкішева Марат Жыланбаевқа, Думан Мұхаммедкәрімге, Әйгерім Тілеужанға, Асқар Сембайға, Қайрат Қылышевке бостандық беруін талап етті. Сөзінше, елде саяси тұтқындар болмауы керек.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Жыланбаевты "саяси тұтқын" деп таныды.
Қараша айында Астананың қылмыстық соты танымал марафоншы Марат Жыланбаевты жеті жылға бас бостандығынан айырды. Кейінгі жылдары саясатқа қызыққан, митингілерге шығып, оппозициялық партияны тіркемек болған Жыланбаевқа ҚДТ "экстремистік ұйымды қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты" деген айыптар тағылды.