Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жер сілкінісі: Министр алматылық студенттердің сабағы неліктен тоқтамағанын түсіндірді

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жер сілкінісіне қарамастан алматылық студенттердің сабағы неліктен тоқтамағынын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Кеше олар жедел әрекет етті. Барлық студент дер кезінде эвакуацияланды, кейбірін туыстары алып кетті. Мәселен, университеттерде семестр енді басталып жатыр, 20 қаңтарға дейін демалыс болды. Біз оқу процесін бұзған жоқпыз, студенттер өз қалауы бойынша онлайн режимде оқи алады. Бірақ үлкен қарқын жоқ. Сондықтан оқу үдерісін бұзбау туралы шешім қабылданды", - деді Саясат Нұрбек үкімет кулуарында.

Министр Алматыдағы 35 жоғары оқу орнында 198 мың студент оқитынын айтты. Студенттер арасында зардап шеккендер жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек зілзаланың неліктен Астанада сезілгеніне қатысты пікір білдірген еді.

Еске сала кетсек, 23 қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болды. Астана уақытымен 00 сағат 09 мин 02 секундта алматылықтар қатты жер сілкінісін сезді. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше жер асты дүмпуінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысында, 264 шақырым жерде тіркелді. Магнитудасы 6,7 балл. Бұдан соң тұрғындар қалада тағы да бірнеше жер сілкінісі сезілгенін хабарлады. Ал ТЖД дерегіне сәйкес алдағы уақытта қуатты жер сілкінісі болмайды, сондықтан дүрлігудің қажеті жоқ. 

Талқылау