Әскерге шақырылғандарды полиция мәжбүрлеп жеткізуге құқылы – Қорғаныс министрлігі жастарды көшеден күштеп әкетіп жатқан видеоға пікір білдірді
Желіде жастарды әскерге көшеден ұстап әкетіп жатқан видео тарады. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі, мерзімді әскери қызметке шақырудың қолданыстағы тәртібі туралы пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Ведомство мәліметінше, шақыру науқаны барысында кей азаматтар әскери қызметтен жалтарып, жергілікті әскери басқару органдарына уақытылы келмейді. Сонымен қатар әскерге шақыру жасындағы азаматтарды есепке алуда да қиындықтар туындайды. Өйткені көбі тіркелген жерінде тұрмайды. Ал қоныс аударған жағдайда жаңа тұрғылықты мекенжайына тіркелмейді.
Шақыру қағазы әскерге шақырылушының өзіне тапсырылады. Оның келуін қамтамасыз ету ішкі істер органдарына жүктеледі.
“Рейд кезінде кей азаматтар ішкі істер органдары қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсетіп жатады. Мұндай жағдайда полицей оларды мәжбүрлі түрде ұстап, шақыру пунктіне жеткізуді жүзеге асыруға құқылы. Шақыру комиссиясы жеткізілген адамдардың мәртебесін сол жерде анықтайды. Мерзімді әскери қызметке шақыруға негіз болмаған жағдайда оларды үйіне жібереді”, – делінген министрлік хабарламасында.
Қорғаныс министрлігі міндетті әскери қызметке шақырудан жалтару үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.
Айта кетейік, бұған дейін Желіде Ақтөбедегі дүкендердің бірінде жігітті әскери бөлімшеге күштеп алып кеткен сәт түсірілген видео тараған еді.