Желіде Қазақстан Ресеймен шекараға әскер орналастырып, шабуылға дайындалып жатыр деген ақпарат тарады
Фото: X Польша Қорғаныс министрлігі
Шетелдік БАҚ беттерінде Қазақстанның Ресеймен шекарада аумақтық қорғаныс бригадаларын орналастырып жатқаны туралы ақпарат тарады. Олардың мәліметінше, еліміз Ресеймен қақтығысқа дайындалып жатыр екен. Дегенмен ақпарат жалған болып шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Stopfake сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ақпаратқа Қорғаныс министрлігі түсініктеме берді.
"Бірқатар шетелдік БАҚ-та "Аумақтық қорғаныс туралы" Қазақстан Заңының жобасына қатысты жарияланымдарға байланысты Қорғаныс министрлігі фактілердің бұрмалануы мен жөн-жосықсыз ақпаратты болдырмау үшін ресми түсініктеме беруді қажет деп санайды. Бұл заң жобасы тек елдің ішкі қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған және Ресейге қарсы бағытты қамтымайды. "Аумақтық қорғаныс туралы" заң жобасы Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік жүйесін жаңғырту шеңберінде әзірленді. Оның мақсаты – ішкі тұрақтылықты қамтамасыз ету, халықты, инфрақұрылым нысандарын және әскери немесе өзге де төтенше жағдайлар кезінде аумақтық тұтастықты қорғау. Аумақтық қорғаныс бригадаларын орналастыру сыртқы қауіптерге жауап ретінде емес. Керісінше өңірлердің логистикалық, географиялық және демографиялық ерекшеліктерін ескере отырып жүзеге асырылады”, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ ведомство аумақтық қорғаныс бөлімшелеріне шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалардың кіруіне рұқсат жоқ екенін айтты.
“Заң ешбір елге қарсы бағытталмаған. Ресей – Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Сонымен қатар ҰҚШҰ, ТМД, ШЫҰ және Еуразиялық экономикалық одақ аясында тату көрші. Одақтас қарым-қатынас сақталып келеді. Осылайша, Қазақстанның "Аумақтық қорғаныс туралы" Заң жобасының болжамды антиресейлік бағыты туралы мәлімдемелер шындыққа сәйкес келмейді және жүріп тұрған процестердің мәнін бұрмалайды. Біз азаматтар мен БАҚ өкілдерін ақпараттық ресурстар мен әлеуметтік желілерде пайда болған түрлі аргументтерге назар аудармай, ресми ақпарат көздеріне сенуді сұраймыз", – делінген министрлік хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін DEMOSCOPE сауалнамасына қатысқан қазақстандықтардың 25,8 пайызы Ресей Қазақстанға шабуыл жасауы мүмкін деп ойлайтыны туралы жазған едік.

"Оқушылармен бір vibe-тамын": Желіде тренд түсірген мектеп директоры жұрттың ықыласына бөленді
