Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жайық өзенінің деңгейі 9 метрден жоғары көтерілетіні болжанды

БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Нұржан Төлеуіш Жайық өзенінің деңгейі Орал маңында 9,5 метрге дейін көтерілуі болжанғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Уральская неделя” порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото “Уральская неделя” порталынан

Нұржан Төлеуіштің айтуынша, өңірдегі су тасқыны жағдайы күрделі.

"Жағдай күрделі. Себебі Жайықтағы су деңгейі әлі де артып келеді. "Қазгидрометтің" мәліметінше, қазіргі деңгей 8 метр 62 сантиметрге жетті. Жалпы қауіпті деңгей 8 метр 50 сантиметр. Яғни, бұл қауіпті деңгейден 12 сантиметрге жоғары", - деді ол.

Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі жағдай 25-26 сәуірде нашарлауы мүмкін екенін ескертті.

"Су деңгейі әлі де көтеріледі деп болжануда. Орал қаласының маңында 25-26 сәуірде Жайық өзенінің деңгейі 9,5 метрге дейін жетуі мүмкін", - деп қосты маман.



Сонымен қатар, БҚО әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов өңірде бөгеттер салу үшін 1 336 бірлік техника тартылып, оның 861 - і Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Қызылорда, Түркістан, Алматы , Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай және Павлодар облыстарынан келгенін жеткізді.

Еске салсақ, бұған дейін Жайық өзенінің деңгейі апатты межеден асып кеткенін хабарлаған едік. Жайықтағы су тасқынының екінші толқынынан 1400-ге жуық адам эвакуацияланды.

Талқылау