Жайдарманшы Данияр Бекжанов: Чемпион атанған соң ауылға барып жұмыссыз қалдым, күйзеліске түсіп кеттім
Жайдарманшы, әзілкеш Данияр Бекжанов күйзеліске түскенін, қаладан ауылға қайтып жұмыссыз жатқанын айтты. Ауыр күндерден шығуына кімдер себепші болғанын, кімдердің сөзі әсер еткенін атады. Бұрынғы жайдарманшы қазақ әзілдерінің кемшіліктерін атап көрсетті.
Бұл туралы әзілкеш Нұрмахан Мұқанұлымен болған сұхбатта айтты.
“Арал-АС” командасының капитаны, жайдарманшы, әзілкеш Данияр Бекжанов біршама уақыт көрерменнен жырақта қалды. Көгілдір экраннан көріп көз үйренген көрермен чемпион атанған командадан ажырап қалды. Данияр жұмысы тоқтап, КТА тоқтап, карантин басталған шақта ауылға аттанып жұмыссыз қалғанын айтады.
“Біздің команда чемпион атанған соң далада қалғандай болып қалдым. “Түнгі студия” тоқтады. Біз де тоқтадық. Карантин басталды. Карантин әрбір өнер адамына соққы болды. Не істерімізді білмей қалдық. Ақша таппай қалдық. Мен ешқашан қосымша ақша тауып, ақша жинаған адам емеспін. Ата-анамның қалтасына қарап қалдым. Күйзеліске түстім. Ешқай жер шақырған жоқ. Желіде белсенді емеспін. Солай жүргенде ауылдағы бір араласып жүрген ағам бар еді. Атын атамай-ақ қояйын, маған идея айтты. Басынан өткен оқиғасын айтты.
Ол кісі бұрын ауылдағы ең әдемі әйелмен кездескен екен. Ауылдың ең әдемі қызы өзіне ғашық болған. Көптің арманы болған қызбен қол ұстасып жүрген. Алайда тағдыр жазбай басқаның жары атанған. Бұл кәдімгі бәріне белгілі сценарий. Көп кинода, бейнебаянда болып жүр. Бірақ маған идея ұнады. Соны жасап көргім келді. Солайша “Мен және ты” деген бір сериал түсіріп көрдім. Себебі ол қыз орыс тілді қыз еді. Анамнан 15 мың теңге алдым. Сериалды түсірген жігіттерге сол ақшаны бердім. Басқа ақшамның жоғын айттым. 15 мың теңгеге түсірген бірінші сериал бір күнде 150 мың қаралым жинады”, –деді әзілкеш.
Көрермен алдында сүйіктісіне сөз салған жайдарманшы Данияр үйленді (фото)
Актердің іздегені табылып, бірден екінші, үшінші сериалды түсірген. Бұл көрерменнің қызығушылығын туғызды. Тіпті өздері сұрайтындай деңгейге жеткен.
“Мен осылай қаралым жинап, сериалды жандандыра бастадым. Ауылдағы ағам екеуміз сцерийін ойластыра бастадық. Сөйтіп, жақсы ақша таба бастадым. Менің өнеріме тәнті болған бір көрерменім маған 100 мың теңге ақша салып жіберіпті. Маған ол кәдімгідей көп ақша болды. Сондай да азаматтар бар екен. Өнерді сүйетін көрермен бар екен. Оған рақмет. Мен енді вайн арқылы мағыналы дүние түсіргім келеді. Тек күлкі, әзіл ғана емес, адамға ой салатын нәрсе жасағым келеді. Ақшаны адал тапқым келеді”, – деді ол.
Данияр қазақ әзілдерінің көпшілігі жеңіл әрі намыссыздықтан туғанына іші ашиды. Өзі жүрген жерінде мағыналы әзіл түсіруді айтып жүреді.
“Бізде қатыннан қорқатын еркек, кемшілігін айтса “қазақпыз ғой” деп қазаққа жаба салатын әзілдер көп. Әзілде мағына болу керек. Вайн уағыз секілді. Сен нені көрсетсең, көрермен, жастар солай қабылдайды. Солай түсінеді. Еркек қатыннан қорықса, қазақтардың азаматтарының бәрін солай деп түсінеді. Әзілге сапа керек”, – деді вайнер.