Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жасөспірім Meta мен YouTube-ты желіге тәуелді етті деп сотқа беріп, 3 миллион доллар өндіріп алды

Фото: AFP via Getty Images

АҚШ-тың Лос-Анджелес Жоғарғы соты алқабилері Meta мен YouTube платформаларын жасөспірімнің психикалық денсаулығына зиян келтіргені үшін жауапты деп танып, 3 миллион доллар (1,45 миллиард теңге) өтемақы төлеуді міндеттеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

АҚШ-тың Лос-Анджелес Жоғарғы соты алқабилері Meta және YouTube компанияларын әлеуметтік желіге тәуелділік тудырып, адамның психикалық денсаулығына зиян келтіргені үшін кінәлі деп таныды. Шешім 2026 жылғы 25 наурызда қабылданып, прецеденттік іс ретінде қаралып жатыр.

Іс бойынша талапкердің есімі құпия сақталған 20 жастағы Кейли. Ол бала кезінен бастап әлеуметтік желіге тәуелді болғанын айтып, Meta (Instagram, Facebook, WhatsApp иесі) және Google-ға тиесілі YouTube платформаларын сотқа берген. Ол бала кезінен бастап әлеуметтік желілерге тәуелді болғанын айтып, бұл жағдай оның психикалық денсаулығына кері әсер еткенін дәлелдеді. Алқабилердің шешімімен оған 3 миллион доллар (1,45 миллиард теңге) көлемінде өтемақы тағайындалды.

Сот барысында Meta компаниясына 70% жауапкершілік жүктелсе, YouTube-қа 30% тиесілі деп танылды. Осыған сәйкес, өтемақының басым бөлігін Meta төлейтін болды. Сонымен қатар, Калифорния заңдарына сәйкес, қосымша айыппұлдық өтемақы көлемі кейін анықталып, ол 30 миллион долларға (14,52 млрд теңге) дейін жетуі мүмкін.

Meta өкілдері сот шешімімен келіспейтінін мәлімдеп, оны қайта қарау мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты. Ал Google компаниясы YouTube-тың әлеуметтік желі емес, тек бейне-контент платформасы екенін алға тартып, апелляция беретінін жеткізді.

Компания басшысы Марк Цукерберг сот барысында 13 жасқа дейінгі балаларға платформа қолдануға тыйым салынғанын еске салды. Алайда ішкі құжаттарда компания кішкентай балалардың жүйеге тіркеліп жатқанын білгені анықталған. Кейли әлеуметтік желілерді өте ерте жастан қолдана бастаған:

  • YouTube – 6 жастан
  • Instagram – 9 жастан

Ол ешқашан жасына байланысты шектеуге тап болмаған. Уақыт өте келе қызда:

  • мазасыздық пен депрессия
  • сырт келбетіне шамадан тыс алаңдау
  • дисморфофобия сияқты психологиялық мәселелер пайда болған. 

Оның айтуынша, әлеуметтік желілерге тәуелділік салдарынан отбасы мүшелерімен қарым-қатынасы да нашарлаған. Forrester зерттеу компаниясының өкілі Майк Пру бұл шешімді әлеуметтік желілер мен қоғам арасындағы қатынастағы бетбұрыс деп бағалады. Оның сөзінше, әлеуметтік желілерге қатысты теріс көзқарас жылдар бойы жиналып, енді нақты құқықтық қақтығысқа айналып отыр.

Шешім АҚШ-та қаралып жатқан жүздеген ұқсас істерге ықпал етуі мүмкін. Сонымен қатар, дәл осыдан бір күн бұрын Нью-Мексико штатында өткен тағы бір сотта Meta балаларды қауіпті контенттен қорғай алмағаны үшін кінәлі деп танылған. Айта кетейік, бастапқыда іс бойынша TikTok пен Snap компаниялары да жауапкер ретінде көрсетілген, алайда олар талапкермен сотқа дейін келісімге келген.

Сот шешімі әлеуметтік желі платформаларының балалар мен жасөспірімдерге әсеріне қатысты жауапкершілігін күшейтетін маңызды прецедент ретінде бағаланып отыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл болашақта технологиялық алпауыттарға қойылатын талаптардың қатаюына әкелуі мүмкін.



Еске салайық, бұған дейін TikTok желісінде терроризмді насихаттаған қазақстандық 7 жылға сотталғанын жаздық. Абай облысының прокуратурасының мәліметінше, сот онлайн-платформаларды пайдалана отырып терроризмді насихаттаған азаматты ісін қараған. 

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 26 Наурыз, 2026 10:14