"Жанында қолдау білдіретін адам жоқ": Жанқош Тұраров зорлады деп айыптаған Әнару Құрманәлі танымал композитордың қызы болып шықты
Жанқош Тұраров зорлады деп айыптаған Әнару Құрманәлі танымал композитор Қалдыбек Құрманәлінің қызы болып шықты. Бұны Stan.kz тілшісіне арудың құрбысы растады.
Фото: Сұхбаттан скриншот
Жәбірленуші бойжеткен Әнару Құрманәлі композитор Қалдыбек Құрманәлі мен марқұм ақын Ақмаржан Таубаеваның қызы екені туралы ақпарат тарады. Композитордың ақыннан Әнасыл есімді ұлы мен Әнару есімді қызы бар болып шықты. Мұны арудың құрбысы Зере растады.
“Әнарумен екі-үш күн бұрын сөйлестім. Жағдайын білдім. Бірақ әлі де ол жалғыз. Жанында қолдау білдіретін адам жоқ. Әкесімен қарым-қатынасы бұрыннан жақсы болмаған, ол туралы білетін шығарсыздар?! Қазір де әкесі қолдау білдіріп жанынан табылды деп айта алмаймын. Олар жақсы қарым-қатынаста емес. 2016 жылы анасы қайтыс болғаннан кейін қатты өзгеріп кетті. 3-курста намаз оқып, жабық киініп жүретін. Сол оқиғадан кейін 360 градусқа өзгерді. Хиджабын шешіп, стилін өзгертті”, – деді Зере есімді курстас құрбысы.
Әнарудың құрбысы боксшыны әлеуметтік желі арқылы ғана танитынын жасырмады.
“Сол жылдары “ВКонтакте” желісінде Жанқошты мен де байқайтын едім. Әркімнің фотосына лүпіл басып отыратын еді. Әнару маған жеке өмірі жайлы айта бермейтін. Бірақ оның түнгі клуб, барларға баратынын білетін едім. Әнаруға ешкім қолдау білдіре алмады, сондықтан осындай қадамға барды. Қазір Жанқош басын алып қашып, “жала жапты” деп жатыр. Екеуінің арасында қарым-қатынас болған. Құрбымыз “әйелімен ажырасады” деп ойлап қалды. Оның сөздеріне сенді”, – дейді Зере.
Желі қолданушылары "қыздың әкесі қайда, неге көмектеспейді?" деп жазды. Соған жауап ретінде Жұлдыз Төлеу атты желі қолданушысы ақпарат берді.
“Кеше, айтпақшы, белгілі сазгер Қалдыбек Құрманәлі ағамен сөйлестім. Қызы Әнаруға қатысты жағдайды сұрадым. Ағамыз қазір ауылға, қара шаңыраққа көшіп кеткен екен. "Бұл Қалдыбек мына өмірде не көрмеді дейсің, қызымды ақтық демім қалғанша қорғаймын, күресемін" дейді. Әнару өзіне бірнеше рет қол жұмсамақ бопты. Қызыма күнде хабарласып қолдау көрсетіп отырмын дейді – деп жазды ол.
Айта кетейік, композитор үйленгенге дейін өзі ұнатқан бұрымдылардың көп болғанын айтқан еді.
"Бәрінің аты-жөнін, қай қалада тұратынын білемін. Олардың бірнешеуінен балам да бар. Өз өмірім жайлы кітап жазып жатырмын, сол жерде бәрін айтамын. Жасыратын ештеңе де жоқ менде. Санаған жоқпын, оны есептеу үшін арнайы есептегіш құрал болмаса, арнайы уақыт бөлу керек. Бұл менің жүргіштігім немесе қатынқұмарлығым емес", – деген еді сазгер.
Бұдан бұрын сазгердің “Әншілер балаларының кімнен екенін өздері білмейді” деген сұхбаты ел талқысына түскен еді.
"Кейбір әншілер бар, төрт баласы бар, төртеуінің кімнен екенін өзі де білмейді, ұмытып қалған. Мен ештеңе демес ем. Олар сахнада тұрып, махаббатқа, өнерге адалдық, отбасы құндылығы туралы айтады. Адамның бетінен ұят кеткеннен кейін айтыла береді екен", – деп пікір айтқан еді өнер иесі.
Еске салайық, Жанқош Тұраровтың адвокаты боксшының Құрманәлиеваны танитынын растаған еді.