Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жануарлар өлексесі шашылып жатыр": Жамбыл облысында тұрғындар қоқыс полигондарын жабуды сұрайды

Жамбыл облысының тұрғындары "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" тас жолы бойындағы қоқыс полигондарын жабуды сұрайды. Олардың айтуынша қоқыс қалдықтары аудан көлемінде шашылып, егіс алқаптарын ластауда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап.

Кішкене жел соқса қоқыс алыс қашықтыққа шашылып жол бойы мен диқандар алқабына дейін жетеді. Қатты қалдықтармен қоса тіпті жануарлар өлексесіне дейін шашылып, жайылатын бұл полигонға тұрғындар наразылық танытуда. 

Полигон бақылауға алынбағандықтан темір қоршаулары ұрланып, бағаналары кесілген. Осы факті бойынша әкімдік қызметкерлері полицияға арыз түсіргенімен тәртіп сақшылары ұрыларды таппады. Ал полигонды қайта абаттандыруға бюджет тағы қаржы бөлуді көздеп отырған жоқ.

Дәл осындай қоқыс үйіндісі Малдыбай ауылының маңындағы тас жолдың бойында орналасқан. Бастапқыда ауыл тұрғындары оның салынуына қарсы болған. Тіпті 100-ге жуық адам қарсылық білдіріп арыз жазса да, ешкім елемеген.

“Ауылдың ақсақалдары мен тұрғындары қоқыс полигонын салуға қарсы болды. Аудан әкімі қатысқан жиналыста да бұл мәселені көтердік. Алайда биліктегілер полигонның салынып қойғанын және оны жабу мүмкін болмайтындығын айтты. Сонымен бұл сұрақ сол күйі шешімін таппады”, – деді Өрнек ауылының тұрғыны Бейсебай Қожабергенов.

“Қарсы болдық, бірақ осы уақытқа дейін полигон жабылған жоқ. Қоршау болмағандықтан жануарлардың өлекселері жан-жаққа шашылып, әртүрлі ауруларды тудыруы мүмкін. Сондықтан оның алдын алу керек. Мұны негізінде экологтар ескеру керек. Алайда егер қоқыс мәселесін шешуге жергілікті билік тарапынан көмек болмаса оның бәрін өзіміз көміп, тегістеп, қалпына келтіреміз”, – деді тағы бір тұрғын Нұрслан Шәріпбаев.

Бұл мәселе телеарна эфирлерінде көрсетіліп, қозғалса да еш нәтиже шығарылмағанына бір жылдай уақыт өткен. 

“Нақты жауап бере алмаймын. Бұны бастықтар шешеді. Тұрғындармен басшылықпен ақылдасып бір шешімге келеміз деп ойлаймын”, – деді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жасұлан Ғұмырқұлов.

Жалпы Тұрар Рысқұлов ауданында 14 қоқыс алаңы қоршалған. Солардың ішіндегі Ақыртөбе мен Ақбұлақ ауылдық округіндегі қоқыс полигондары талан-таражға түсіп ең ауыр жағдайда тұр.

Талқылау