Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Зейнетке шығатын жасқа келсе де, жұмысында қалған": Полковник Мейіржан Аймановты жақындары соңғы сапарға шығарып салды

Полковник Мейіржан Аймановты жұрты соңғы сапарға шығарып салды. 45 жастағы өрт сөндіру қызметі бөлімі бастығының жақындары оның зейнетке шығатын жасқа келсе де жұмысында қалғанын айтады. Марқұм жарылыс болған аймаққа бармас бұрын соңғы рет анасымен тілдесіпті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Хабар 24 арнасына сілтеме жасап. 

Өрт сөндіруші әскери қоймадағы қызыл жалынды ауыздықтау кезінде болған жойқын жарылыстан қаза тапқан болатын. Оның артында ата-анасы, аңырап 5 баласы, тізесін құшақтап аяулы жары қалды. 

Анасының айтуынша, полковник үй салуды және балаларын үлкен спортшы қылып тәрбиелеуді армандаған. 45 жастағы баласы өмірінің көп бөлігін өрт сөндіруге арнады дейді. Тіпті бөлім бастығының орынбасары лауазымына дейін көтерілген. Зейнетке шығатын жасқа келсе де, жұмысын сүйіп істегендіктен өрт сөндіру қызметінен кетпепті. 

Тұңғыш ұл болғандықтан ата-анасы да, бауырлары да оған арқа сүйеген.

“Ол да ағайын мен туысқа, дос пен бауырға әрдайым құшағын ашып, көмегін аямайтын. Тым ерте кетті. Жанымды айтқызбай ұғатын құлыным еді. Жетіге қарай мен онымен хабарластым. –Балам, жұмысың бітті ме? Қайдасың?, – деп едім. – Мама, өрт сөндіруге кетіп барамын деді. Ол жарылыс болатынын білген де жоқ. Өртті сөндіре бастаған кезде жарылған ғой. Балалардың бәрі ұшып-ұшып кетті. Ол 1-2 баланы құтқарыпты. Өзі қайтадан қалған балаларға кіріп кетіпті. Содан шықпады ғой”, – дейді марқұмның анасы Айткүл Айманова. 

Сыныптасы Елмира Ізмағамбетованың айтуынша, Мейіржан Айманов адалдық пен әділдікті жаны қалайтын, әлсізге қамқор, жалғандыққа жаны қас азамат болған. 

“Мейіржанды кішкентайынан білеміз, сол кезде бойында қайраттылық, қаһармандық, әлсіздерге жақтасып, қорғап жүретін еді. Төбемізден жай түскендей боп отыр. Енді өмір сүріп, бала-шағаны өсіріп, қызығын көремін ба дегенде қыршынынан кетіп отыр”, – дейді сыныптасы.

Еске сала кетсек, 26 тамыз күні кешкі сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймасынан өрт шығып, жойқын жарылыс болған еді. Оқиға салдарынан он үш азамат көз жұмды 

Төтенше жағайлар министрлігінің мәліметі бойынша, оқиға орнына ең жақын орналасқан 3 елді мекенде 1086 адам тұрады. Жарылыс кезінде олардың 710-ы облыс орталығына эвакуацияланған.

Жалпы оқ-дәрі қоймасындағы өрттің кесірінен база аумағында оннан астам жарылыс болған.

Талқылау