Жанболат пен Жазира балалы болуға ниеттеніп жүргендерін айтты
Жиырма жылдан бері балалы болуды армандаған Жанболат пен Жазираны соңғы уақытта бұл тақырып жиі толғандырып жүр. Жақында ғана қызды болған Бүркіт пен Аишаның отбасындағы қуанышты хабар, Байырбекова мен отағасының сенімін үдете түскен. Stan.kz ақпараттық порталының тілшісіне сұхбат берген жұлдызды жұп жақсы жаңалықтың боларын тағатсыздана күтіп жүргендерін жеткізді.
«Біз 40-50 жастан асқанда ата-ана атанып жатқандарды жиі естиміз. Сол Қырықбай, Елубайлар өзіміздің басымызға да келіп қалуы мүмкін. Соны күтіп жүрміз. Ырымдап сол кісілерге жиі күлеміз. Шал болып бала сүйіп жатқандарды қайта-қайта мазақ қылып күлеміз. Басымызға келсін деп жүрміз», – дейді Жанболат пен Жазира.
Байырбекованың балалы болуға ниеттеніп жүргенін аңғармау мүмкін емес. Әнші, жақында ғана егде жаста ана атанған әйелмен жүздесіп, жұлдызды жұптың үміт оты қайта лаулай түскен. Алла нәсіп етсе, Жанболат пен Жазира 3-4 баланы өмірге әкелуге тас-түйін дайын.
«Мен кеше 49 жасында босанған әйелмен кездестім. Былайша айтқанда 50 жасқа жетіп қалғандарды әже деп атайды. Қазір 50-ге келсе де дүниеге сәби әкеле алатын келіндер көбейіп жатыр. Сол кісімен ойда-жоқта кездесіп қалдым да, маған әлі де 3-4 бала тууға болады екен ғой деп ойланып қалдым», – дейді Жазира Байырбекова.
Ұзақ жылдар бойы сәби күткен жұпты әріптестері де қолдап жатыр. Мәселен, төрт перзенттің әкесі атанған «Жігіттер» тобының продюсері, Жанболат пен Жазираның қазіргі жасын ел демографиясына үлшеусіз үлес қосатын мүмкіндіктің ұтымды сәті деп топшылайды.
«Мен 40-50 жастағыларды келіншек пен жігіттер деп санаймын. Баяғыда Жетпісбай, Сексенбай болатын еді. Қазір 40-50 жас деген менің ойымша орташа жас сияқты. Бұл жас ұл мен қызды дүниеге әкелетін жас қой», – дейді Ерғали Әбдірайымов.
Ал, бірінші әйелінен қыз сүйіп, екінші жұбайынан ұлды болған Асхат Тарғын да көп балалы әке болуды армандайды. Сондықтан Жанболат пен Жазираға да үмітті үзбеуге кеңес береді. Өйткені, әнші жігіттің бұл сөзіне келтірер нақты дәлелі де бар көрінеді.
«Құдайға шүкір, қазір Қырықбай, Елубайлар да туылып жатыр. Менің бір таныс ағам бар. Жасы 52-де! Жеңгеміз көтермей-көтермей келіп, жақында ұлды болды. Жеңгемізде қырықтан асып, елуге тақап қалған. Ұлының атын Құдайберген деп қойды. Құдайдың бергені ғой…», – дейді Асхат Тарғын.
Айта кетейік, Жанболат пен Жазира осыдан 22 жыл бұрын отбасын құрған. Бұл жұптың Қазыбек есімді 20 жастан асқан ұлдары бар.
Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.
Тағы оқыңыз:
Сәуле Жанпейісова: Біреулер мені Ерболат Беделханмен белдестіріп қойғысы келеді
Нашар оқыды: Тәуекел Мүсілім сыныптасы Қайрат Нұртастың бала күнгі сырын ашты