Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңатаста бес баласынан айырылған отбасыға үш бөлмелі пәтер берілді

Жаңатастағы өрттен зардап шеккен отбасыға пәтер сатып алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Жамбыл облысының әкімдігі Жаңатас қаласындағы өрттің салдарынан бес баласынан айырылған отбасына жан-жақты материалдық, медициналық және психологиялық көмек көрсетеді.

Атап айтқанда, жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру шығындарын жергілікті атқарушы органдар өз мойнына алды. Сонымен қатар, демеушілер есебінен бұл отбасыға Жаңатас қаласынан үш бөлмелі пәтер беріліп, жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен жиһаз бен тұрмыстық техника сатып алынды", - деді Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, қоғамдық ұйымдар мен демеушілер 3 миллион теңгеден астам қаражат жинады деп хабарланды.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметкерлер бір күндік жалақыларын материалдық көмек ретінде береді.

Еске салайық, 19 ақпанда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында өрт болып, бес бала қайтыс болды. Өрт кезінде әкесі жергілікті ауруханада жұмыста болған, ал анасы дүкенге кеткен. Өрттің алдын ала себебі, өрт жатын бөлмесінде өте тез тұтанатын материалға тиген. Балалардың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, "Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бабы бойынша тергеліп жатыр.  

Бұған дейін мемлекет басшысы оқиғаға қатысты пікір білдіріп, отбасыға көңіл айтты. 

Талқылау