Жанар Айжанова: Сақалдылардың уағызы жаттанды, өздері біртүрлі адамдар
Танымал әнші Жанар АйжановаАқтөбеге кезекті сапарларының бірінде атышулы «Паллада» дүкені маңында қалай пәтер жалдап тұрғаны туралы айтып берді.
«Алдыңғы жылы әулеттегі үлкендердің жылын берейік деп Ақтөбеге келгенімізде сол атыс-шабыстың үстінен түстік. Туған-туысқан көп қой, бірақ мен өзіммен болайын деп, жұмыстарым бар, сөйлесу керек адамдар болды, бөлек тұрғанды қаладым. Қонақ үйге барып тұра алмаймын. Ол жерге кіріп-шығу ыңғайсыз. Содан бір пәтер жалдап тұрдым», — деді әнші «Тілшіге» берген сұхбатында.
Оңаша қалғанда жеке жұмыстарын шеше беретінін айтқан Жанар Айжанова аяқасты атыс-шабыстың астында қалған көрінеді. Дәл сол күндері қару-жарақ сататын дүкенде атыс болып, бірнеше адамдар оққа ұшқан болатын.
«Киімдерім, заттарым, сөмкем, барлығы пәтерде қалып қойды. Қайтып келсем, айнала қоршау, полиция қаптап кеткен. Үйге кіре алмай, көйлектерімді ала алмай, киімдерімді ауыстыра алмаған кездерім болды», — деп еске алады ол Ақтөбедегі былтырғы лаңкестік әрекетті.
Төртінші күн дегенде пәтерге кіріп, заттарын алып шыққан әнші осы күндер аралығында қатты уайымға салыныпты. Жеке заттары үшін емес, жалпы, қоғам үшін, оққа ұшқан адамдар үшін, жат ағым жетегінде кеткен жастар үшін жүрегі ауырған.
«Әрине, халықтың ортасында жүрген соң көп жайттан хабардар боласың. Ағайын-туыстың әңгімесін тыңдап, жүрегің ауырады. Ықпал етуші күштер басым. Діни сауат болмаған соң, теріс ағым жетегінде кетіп жатқандар аз емес. Алдауда кеткен ақкөңіл жандарды аяймын. Біздің азаматтарымыздың, балаларымыздың өліп жатқанына жаным ашыды», — дейді Жанар Айжанова.
«Тілшіге» берген сұхбатында танымал әнші жат ағым жетегінде кеткендерді кінәлай алмайтынын да жеткізді.
«Өйткені олардың кейбірінің жағдайын білеміз. Отбасылары туралы да ағайын-туыстан естіп жатамын. Тым жақсы балалар. Белгісіз ағымдағы оңбағандардың ықпалында кеткен болу керек. Құрбан болды. Бір жағынан көп адам осы жайттардан сабақ алуы керек. Баланың түзде кіммен жүргенін қарамаймыз ғой. Біздің трагедиямыз, баламыздың кіммен жүргенін, қайда, қандай адамдармен отырғанын, әлеуметтік желілерде не істеп жүргенін білмейміз. Ақтөбедегі жағдайдан кейін біраз ата-ана етек-жеңдерін жиған секілді. Қан төгілген соң, әркім өз отбасына ие болады бастады», — дейді Айжанова.
Осы ретте әнші ата-аналарға сақ болу керектігін айтады. Қажет болса, құқық қорғау органдарына жолығуға кеңес береді.
«Жалпы, кез келген ата-ана баласына сөзін жүргізе алмаса, құзырлы органға хабарласу керек деп ойлаймын. «Менің баламды күмәнді ағым азғырып жүр деп арыздану керек. Сонда ғана өзгеріс болады. Көмекке келеді. Ертерек қамданса, жаман нәрсе болмайды», — дейді әнші.
Ақтөбе облысынан шыққан әнші сақалдылардың сөзін түсінбейтінін айтады.
«Сақалдары жалбырап, көздері адамға түспейді. Біртүрлі адам өздері. Бір нәрсені айтады да, аяқ астынан уағыз айтып шыға келеді. Барлығы жаттанды. Кеңес үкіметі кезінде «құдай жоқ» десе де, ата-әжелеріміз таза оқыды, біздің іргетасымыз солай қалыптасқан. Қазір жастар еркіндікте өскесін де, өзім білемге салады. Таңдаған жолымен кетіп қалады», — дейді Жанар Айжанова.
Әнші өзінің де, қызының да намаз оқитынын айтады.
«Ылғи жол үстінде жүреміз, құдайдан қорқамыз. Неше түрлі жол апаты болып жатады. Қорқасың. Құдайды ойлап отырасың. Елдің амандығын тілейміз. Солай ғана шын жүректен тілеп отыру керек сияқты. Әжеміз солай айтып отыратын. Берекет бер деп. Отбасы амандығын тілейміз. Жастарға өмір бер деп үлкендер айтып отыратын. Содан артық не тілек керек?!, — дейді әнші.
Тағы да оқыңыз:
Отандық әнші 10 баланы құтқарған қаңғыбасқа баспана беруді ұсынды
Қазақстандықтар желтоқсан айында неше күн демалады
Қазақстандықтар жаңа туған сәбиінің есімін SMS-хабарлама арқылы қоя алады