Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Air Astana Қазақстан азаматтарына ұшқыш болу мүмкіндігін ұсынады

Air Astana компаниясының Ab-initio ұшқыштарды даярлау бағдарламасының арқасында қазақстандықтарға коммерциялық ұшқыш мамандығы қолжетімді бола бастады. Ab-initio бағдарламасының бірегейлігі сондай, ол 17,5 пен 34 жас аралығындағы Қазақстанның орта немесе орта арнаулы білімі бар азаматтарына беделді әрі жоғары табысты ұшқыш мамандығын игеруге мүмкіндік береді.

Бағдарлама аясында жас ұшқыштар Еуропаның Корк (Ирландия), Херес (Испания) және Тампере (Финляндия) қалаларындағы ең жақсы ұшу мектептерінде оқиды. Оқу мерзімі – бір жарым жыл. Оқу барысында курсанттарға тұрғын үй, тамақ, шәкіртақы беріледі және жол шығыны өтеледі. Ұшу мектебін cәтті аяқтаған соң курсант Air Astana әуекомпаниясына екінші ұшқыш болып жұмысқа орналасады.

Ұшқыштарды дайындайтын Ab-initio бағдарламасына түсу үшін үміткерлер бірнеше іріктеу кезеңінен өтеді. Онда талапкердің ағылшын тілін, негізгі математика мен физиканы қаншалықты меңгергені, cандық және мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілеті тексеріледі. Соңғы кезең ұшуға қабілеттердi тексеруден, топтық ойын және жеке сұхбаттан тұрады. Сонымен қатар үміткерлер медицина тексеруінен өтетіндіктен, денсаулықтың жақсы болуы да – маңызды шарттардың бірі. Бағдарламаға өтініш беру үшін анкета толтыру қажет. 

Air Astana әуекомпаниясы ұшқыштарды дайындайтын Ab-initio бағдарламасына курсанттарды жыл сайын қабылдайды. Осылайша компания жылда 40 табысты үміткерді ұшу мектептеріне жіберу арқылы ұшқыштардың жаңа буынын тәрбиелеуді мақсат етеді. Бағдарлама басталғаннан бері 270-тен астам курсант оқуды сәтті аяқтаған. Оның ішінде 77 ұшқыш командир болды.

Ab-initio бағдарламасына қатысқан курсанттардың бірі – Лолита Вербицкая. Ол Airbus 320 екінші ұшқышы болып қызмет атқарады. 

Лолита Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сыныбынан кейін бағдарламаға саналы түрде дайындалған және оған ешқандай арнайы білімсіз түскен. Cөйтіп ол небәрі 21 жасында Air Astana-ның екінші ұшқышы болды. Ақтөбенің тумасы бола тұра, қазір Атыраудан ұшады.

“Ab-initio – алдына мақсат қойған, дарынды, өршіл адамдарға мүмкіндік беретін бағдарлама. Соның арқасында маған авиацияға жол ашылды, жоғары деңгейлі еуропалық білім алдым. Ab-initio – авиацияға апарар ең жылдам жол”, – деді ол.

Қарағандылық Ержан Әбжанов та Airbus 320 екінші ұшқышы. 

Ержан Назарбаев университетінде инженер мамандығы бойынша білім алған. Бірақ мансабын бұл мамандықпен байланыстырмағандықтан, ол 4-курста Ab-initio бағдарламасына ден қойған. Кейін іріктеуден сәтті өтіп, Финляндияда (Patria ұшу мектебінде) оқып келді.

"Ұшқыш болғанымның арқасында отбасымды асырай алдым. Көкжиегім кеңейді, өзіме көп жаңа елдерді аштым. Ата-анам да жиі саяхаттай бастады. Бұл кәсіп сонымен қатар өзімді тәрбиелеуге ықпал етті, ал бұл өмірдің барлық саласына әсер етеді. Бұл кәсіпте өзіңіздің қарым-қатынас құру, топ болып жұмыс істеу және көшбасшы болу дағдыларыңызды жетілдіре аласыз. “Ұшқыштардың уақыты жоқ” деген пікірге қарамастан, менің жаттығуға, достарыммен сапалы уақыт өткізуге, жаңа нәрселерді үйренуге және демалуға болатын бос уақытым көп".

Егер сіз де биіктерді бағындырып, табысты әрі беделді мамандықты иеленгіңіз келсе, Air Astana компаниясының Ab-initio ұшқыштарды даярлау бағдарламасына қатысуға шақырамыз. Еуропаның ең үздік ұшу мектептерінде білім алып, бір жарым жыл ішінде кәсіби ұшқыш болу мүмкіндігін жіберіп алмаңыз. Өз болашағыңызды бүгіннен бастап құрыңыз — анкета толтырып, арманыңызға бір қадам жақындаңыз!

Талқылау