Жамбыл облысында "Qnet" компаниясына қатысты тергеу жүріп жатыр
Жамбыл облысында салымшылардың ақшасын тартты деген айыппен "Qnet" компаниясының қызметіне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Бұл туралы қаржы мониторингі агенттігі мәлімдеді.
"Ақмола және Жамбыл облысындағы экономикалық тергеу департаменттері "Qnet" компаниясының атынан салымшылардың ақшасын тарту фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 217-бабы (қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету) бойынша сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыруда. Аталған өңір тұрғындарынан шағымдар әлі түсіп жатыр, сәйкесінше шығын көлемі де артып жатыр", – дейді ведомство.
Еске салсақ, биыл сәуірде Ақмола облысында Qnet қаржы пирамидасының басшыларына қатысты тергеу жүріп жатқаны туралы жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, еліміздің Ішкі істер министрлігінен жыл басынан бері қаржы пирамидаларының үстінен 27 қылмыстық іс қозғалғаны мәлім етілді. Одан бөлек, Қазақстанда қаржы пирамидаларының жарнамасы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілмек. Осы орайда ҚР Парламенті Мәжілісінде қаржы пирамидаларының қызметіне қарсы іс-қимыл туралы заң жобалары мақұлданды.