Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жалған ақша беріп, өзіне қол жұмсауға дейін жеткізген": Қонаевтағы қарттар үйінде не болып жатыр

Алматы облысы Қонаев қаласындағы қарттар үйінің қабырғасында көзі көрмейтін қарияға жалған қағазды ақша деп беріп жүргендігі туралы видео тарады. Аталған қарттар үйінде осыған дейін де өзіне қол жұмсау дерегі тіркеліпті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Видеода сол мекеме қызметкері болуы мүмкін әйелдің қарияның төс қалтасынан елу мың теңге шығарып, ол қаражаттың жалған, ойыншық ақша екенін көрсетіп жатыр.

Қонаевтағы дәл осы "Шарапат" арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында осы жылдың ақпан айында 76 жастағы зейнеткердің аулада асылып тұрған мәйіті табылған болатын.

Қазір полиция осы екі іс бойынша да тергеп-тексеру жұмыстарын бастап кетті.

“Аталған дерек ағымдағы жылдың 25 ақпан күні орын алғанын хабарлаймыз. Атап айтсақ, сағат 7:33 шамасында облыстық полиция басқармасына 76 жастағы ер азаматтың қарттар үйінде өзіне қол салып, қайтыс болғаны туралы хабарлама келіп түсті. Аталған дерек ҚР қылмыстық кодексінің 105 бабы бойынша тіркелді”, – дейді Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ернар Сайдилдин.

Ал, суицид дерегінен кейін мекеме басшысы мен екі орынбасары жұмыстан кеткен.

Қарт адамның орталық ауласында асылып тұрғанын журналистерге хабарлаған қарттар үйінің тағы бір тұрғыны болса осы ақпаратты журналистерге жеткізгенім үшін қысым көрдім дейді.

“Қапшағайдағы өлімді қазбаладым ғой. Журналистерді шақырдым. Шу шығарғаным үшін мені психикалық орталыққа жаппақ болды. Директор 2019 жылы келді. Түрме сияқты болып кетті. Оған дейін мүлдем басқаша еді. Тіпті таза ауа жұту арман болды”, – дейді Марат Жолдиев.

Ал Маратпен көрші болған Олег Газанов зейнетақысын өзі қолына алатынын, қарттар үйінде ешқандай қысым көрмегенін айтты.

“Бірінші корпуста тұрамын. Зейнетақымды қолыма аламын. Уақытымен алып отырамын. Құжатқа қол қойып аламыз. Осында тұрғаныма он алты жыл болды. Маған ешкім қысым көрсетпейді”, – дейді Олег Газанов.

Ал өзін мекеме директорының орынбасарымен деп таныстырған Гүлсара Ошағанова бұл оқиғалардар хабарсыз екенін алға тартты.

“Мен білмеймін, кеше ғана келдім. Мен естіген жоқпын”, – дейді орталық директорының орынбасары Гүлсара Ошағанова.

Қарттар үйінде болып жатқан жағдайларға қатысты облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басшысы түсіндірді. 

“Сіз айтқандай қағаз ақша берілді деген сөз болатын болса, оларды тексергеннен кейін біз жаңағы бес адаммен комиссия мүшелерімен жұмыс жүргіземіз. Олармен тергеу органдары тергеу жасайды ғой. Содан кейін барып қана біз жұмыс жүргіземіз”, – дейді Алматы облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басшысы Айгүл Ахметова.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 19 Маусым, 2023 20:43