Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жалақыдан жалақыға дейін өмір сүреміз": Депутаттар 5 жыл жалақыларының өспеуі туралы шешімге қатысты пікір білдірді

Мәжілісмендер жалақыдан жалақыға дейін өмір сүретіндерін айтады. Бұған қарамастан олар мораторийге қарсы шықпады. Бірауыздан алдағы 5 жыл жалақыларының өспейтінімен келісті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

Депутаттар

"Жалақы түсетін банк картасы жұбайымда. Ол ай сайын 630-650 мың теңге түсетінін айтады. Етті ауылдан, туыстарымнан аламыз. Білесіздер, қазір инфляция, баға көтерілуде. Сондықтан жалақыдан жалақыға дейін өмір сүреміз деуге болады", – дейді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров. 

5 жыл жалақының өспеуі туралы мораторий министрлер мен әкімдер жалақысына да қатысты болады. Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы жеткілікті деңгейде деген Президент осындай шешім қабылдаған еді. Ал өзге жұмысшылардың жалақысы керісінше өсе түспек. 



Жалақы мәселесі 2021 жылдың соңына қарай қызу талқыға түскен. Бұл кезде министрлердің орташа жалақысы 900 мың, ал облыс әкімдері 1,8 миллион теңге алатыны белгілі болған еді. Ал Мәжіліс депутаттары өз айлықтарының 500 бен 800 мың аралығында екенін мәлімдеген. Инфляцияға қарамастан депутаттар мораторийге қатысты қарсылықтарын білдірмеді. 

"Қазіргі жалақы жеткілікті деуге болады. Себебі бұған дейінгі лауазымдарда мұндай жалақы алмағанмын. Мен үшін бұл әжептеуір сомма. Өмір сүру үшін және басқа идеяларды жүзеге асыруға жетеді деп ойлаймын", – деп мәлімдеді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.

Айта кетейік, 1 ақпанда депутаттар, әкімдер мен министрлердің жалақысын көтеруге 5 жылға мораторий жарияланған еді. 

Талқылау