Жаһандық жылынудың әсері: Румынияда екі апталық аптап ыстықтан соң боран соғып, қыс қайта келді
Румынияға температурасы +30 градусқа дейінгі екі апталық аптап ыстықтан соң, қар жауып, боран мен көктайғақ болып, қыс қайта келді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Euronews телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото Euronews сюжетінен скринделген
Елдің орталығындағы Харгит қаласында қар жауды. Аптаның басында ауа температурасы +20 градустан жоғары болса, бейсенбіде ол – 2 градусқа дейін төмендеген.
Таулы аймақтарда қар жамылғысының биіктігі жарты метрге жеткен. Ал Румынияның батысында орналасқан Арад пен Тимишоарда суық ауа райының салдарынан орталықтандырылған жылытуды қайта қосуға тура келген. Кейбір аудандарда қар жолдарды жауып, техникалар қайта қолданысқа енгізілді. Ал басқа өңірлерде көктайғақ орын алуда.
Оңтүстікте, соның ішінде астанасы Бухарестте жылдамдығы секундына 70 метрге жететін қатты желдің әсерінен ауа-райының қауіптілігінің "сары" деңгейі жарияланды.
Көптеген климатологтар мұндай ауа-райының ауытқуларын жаһандық жылыну мен климаттың өзгеруімен байланыстырады. 2023 жылды рекордтық ең ыстық жыл деп атаған еуропалық Copernicus агенттігі биыл температура алдыңғы жылдың рекордынан да асып түсуі мүмкін екенін айтты.
Еске салсақ, бұған дейін Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) сарапшылары жаһандық жылыну Жердегі ауаның нашарлайтынын және денсаулыққа қауіпті болатынын мәлімдеген еді.