"Зорланудан қорқып, терезеден секіріп кеткен": Алматыда бойжеткенді 5 жігітке сатамыз деп қорқытқан қыздарға сот үкім шығарды
Алматыда бойжеткенді жабылып ұрып, бопсалап, интимдік қызмет көрсетуге мәжбүрлеген екі күдіктіге қатысты үкім шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: видеодан скрин
Былтыр көктемде кәмелет жасқа толмаған қыздар жәбірленушіні ақша бопсалау мақсатында Алматыдағы жалдамалы пәтерлердің біріне алып барған. Олар қызды “2 сағатта 100 мың теңге таппасаң, 5 жігітке сатамыз” деп қорқытып, жабылып соққыға жыққан. Ауыр жарақат алған қыз қорыққаннан 3-қабаттағы терезеден секіріп кеткен. Салдарынан жәбірленушінің екі өкшесі, омыртқасы зақымданып, қолы сынды.
Күні кеше Алматы қаласы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты болған жағдайға кінәлілерді соттап, үкім шығарды. Прокурор кінәлілерді 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады. Алайда сотталушылар өз кінәсін мойындаған жоқ.
Сот үкіміне сәйкес, сотталушы Т кінәлі деп танылып, оған 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал сотталушы Н 5 жыл 9 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Сотталушылар жәбірленушіге моральдік залал келтіргені үшін 3 миллион теңге беруге міндетті. Сондай-ақ адвокаттың қызметіне жұмсалған шығынды өтеу үшін әрқайсысы 600 мың теңгеден төлеу керек. Сот сотталушылардың жасын ескеріп, жазаны жеңілдетті. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін жалдамалы пәтерде қорлық көріп, 3-қабаттан секіріп кеткен бойжеткен туралы жазған едік.