"Ораза ұстаған адамдардан ұят болады": Түріктер қасиетті Рамазан айында көшеден тамақ ішуге неге ұялады?

Түркияның Стамбул қаласында бірнеше жылдан бері тұратын жерлесіміз Индира Такенқызы алғаш барғанда елдің салт-дәстүрлері, ділі, қарым-қатынастарына ғана емес, сонымен қатар мерекелеріне де таңғалған. Айтуынша, түріктер үшін басты мерекелер Жаңа жыл, 8 наурыз емес. Олар қасиетті Рамазан айын, Ораза айт пен Құрбан айтты ерекше құрмет тұтып, кең ауқымда атап өтеді екен. Жерлесіміз Stan.kz тілшісімен Түркиядағы мерекелер туралы ойымен бөлісті. 

Түріктер Жаңа жылды қатты атап өтпейді, керісінше Ораза айт, Құрбан айтты кең ауқымда атап өтеді. Мен Рамазан айының маңыздылығын осында келгенде түсіндім. Рамазан айында әр ауданда үлкен ауызашарлар жасалады. Мұны қала муниципалитеті немесе саяси партиялар ұйымдастырады. Аудан әкімі келіп, сөз сөйлеп, дастраханға бірге отырады. Бұдан кейін ұлкен концерттік бағдарлама қойылып, балаларға да театрландырылған қойылымдар қойылады. Соңында міндетті түрде бәріне тәттілер үлестіріледі. Және осы қасиетті айда зейнеткерлерге негізгі зейнетақсынан бөлек қосымша сыйақы сияқты төлем қосылады. Биыл карантинге байланысты бұл сыйақыны екі-үш апта бұрын және сәл артық етіп төледі.

Мысалы менің атам зейнетақы 2300 лира зейнетақы алады, оған қосымша 1600 лира сыйақы берілді. Сонымен қатар Рамазан айында әдетте барлық қызметкерлерге азық-түлік себеті табысталады. Оның ішінде тәттілер, сұйық май, макарон өнімдері, т.б. салынады. 

Сонымен қатар әрине түрік халқы біздікіндей көрші-қолаң, жақындары үшін де ауызашар жасайды. Міндетті түрде кафеде емес. Кейді тіпті саябақтар мен теңіз жағалауында жасай береді. Ол жерде теңіз жағасында үстелдермен жабдықталған арнайы орындар бар. Рахат, таза ауада, табиғат аясында ауыз ашасың. Бұл жерде халық еркін, өмірден рахат ала біледі деп айтар едім. Тамақ дайындағанды қатты жақсы көреді. Бәрін баппен жасап, баппен ішеді. Билік партиялары, жергілікті әкімдіктері де ифтарды күнделікті ұйымдастырады. Ұзын үстелдер қойылып, әкім келіп, бала-шаға қариялармен бір дастархан басында арқа-жарқа болып отырады. Қасында жүрген топ-топ нөкерлерің байқамайсың. Ауыз ашып, азан шақырылғаннан кейін ақшам намазын бірге оқиды. Одан кейін түрлі концерт, мерекелік шаралар ұйымдастырылады. 

Түркияда Осман испериясы кезінен бастап көшеде себеттер тұрады, оған азық-түлік салып қоюға болады. Мұқтаж адамдар алады. Ал биыл Стамбулда арнайы акция ұйымдастырылды. Қарыздары жиналып қалған адамдар электронды кезекке тұрады. Сол азаматтардың қарызын қайырымдылық жасағысы келетін азаматтар өтеп береді. Ешкімнің аты-жөні жарияланбайды. Бұл шара кең ауқымда өтіп жатыр. 

Түркияда халықтың басым бөлігі ораза ұстайды, Рамазан айында көшеге еркін шығып су ішіп, тамақ іше алмайсың. Біздің елде ондай жоқ қой, ұстап жатыр ма, ұстап жатыр, өзің ішетін тамағыңды алып іше бересің. Бір жылы жұбайыммен ораза ұстамадық, қалада жүріп, қарнымыз ашып кетті. Кафеге кіріп, сатып алмақ едім, күйеуім ұят болады деп кірмеді. Түріктер ұятты айып деп атайды. Ораза ұстаған адамдардан ұят болады деп ақыры кірмедік. Адамдардың сана-сезімі басқа. Бұрын біздің елде жүргенде бұл нәрсе менің ойыма да кіріп шықпаған еді. 

Рамазан байрам мен Құрбан байрам төрт күн аталып өтіледі, әдетте қоғамдық көлікте жүру тегін. Осындай кішігірім бірақ көңілге жағымды дүниелер мерекелік атмосфераны құрайды. Мен бұл мерекелерді Жаңа жылдан көрі қатты күтетінімді түсіндім.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр