71 мың долларды шатасып, белгісіз адамға жіберіп қойған: Зейнеткер қателігі үшін үйінен айырылып қалуы мүмкін
Егде жастағы ер адам 71 400 долларды үйін көшіруге көмектескен компания шотына жіберудің орнына шатасып басқа адамға жіберіп қойған. Осы себепті енді ол үйінен айырылып қалуы мүмкін, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Mail-ге сілтеме беріп.
Квинсленд штатының 88 жастағы тұрғыны Гордон Лейтон 14 маусымда өзінің ING банктік шотынан ANZ шотына ақша аудару қажет болған.
Ол ANZ есептік жазбасын дұрыс емес атпен сақтап қойған. Осылайша басқа адамның шотына ақшаны қателесіп жіберген. Есесіне ол қаражатты қайтармайтынын айтқан.
Гордон Лейтон мен оның қызы екеуі үш сағат ішінде қателіктерін түсінсе де, бәрі кеш еді. Қаражат банкке дәл сол күні түскен, алайда банк ештеңе істей алмайтынын айтқан.
Ақша белгісіз біреудің шотына түскен. Оған хабарласқан Лейтон “мен сенің ақшаңды қайтармаймын” деген жауап алған.
Ақшаны ұрлаған адамға айып тағылды, енді ол сот алдына барады.
- Үш реттік ыстық ас, тасымалданатын дәретханалар: Германиядағы АҚШ әуебазасына жайғасқан мыңдаған ауғандықтың суреттері пайда болды
- Ақшаны қателесіп басқа біреуге аударып жіберген жағдайда қалай қайтарып алуға болады
Аяқ асты ақшасын жоғалтқан Лейтон үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізе алмаған. Қазір үйінде су құбырлары жүргізілмеген. Үйін сақтап қала алмай далада қалатын жайы бар.
“Бұл 88 жастағы зейнеткердің ақшасы. Егер оны қайтарып алмасақ әкем үйді сатуы керек болады. Себебі қарызын төлеуі тиіс болады. Бұл әділетті ме?”, – дейді оның қызы.
ANZ компаниясы ақшаны қайтаруға тырысқаны белгілі болды. Алайда сол күні қаражат шоттан шығарып алынған екен.
Гордон Лейтон банктің бұл мәселені шешуге қауқарсыз екеніне көңілі құлазыған. Оның айтуынша, оған ақша қажет емес, тек тиісті жеріне, банкке жетсе болғаны.
Ал ANZ компаниясы өкілдері бұл мәселені полициямен бірге қарастыратынын мәлімдеген.
"ANZ клиент туралы нақты ақпарат туралы көпшілікке түсініктеме бермейді, бірақ Лейтон мырзаға қаражат қайтаруға және полицияға көмектесу үшін тиісті құқық қорғау органдарымен де тұрақты жұмыс істейміз” – дейді компания.
"ANZ-ге қате төлем туралы хабарланған кезде, біз қаражатты қадағалап, оны қайтаруға тырысамыз. Қазір бұл полиция ісі болғандықтан, біз бұдан әрі түсініктеме бермейміз", – дейді компания өкілдері.
ING компаниясының өкілі Лейтон мырзаның ақшаны басқа шотқа аударып жібергенін, олардың қолынан ештеңе келмейтінін айтқан.
"Лейтон мырзаның қателігі туралы ескертілгенде, біз ANZ-ге кері шақыру туралы өтініш жібердік, бірақ олар ING-дегі Лейтон мырзаның шотына қаражатты қайтара алмады", – дейді екінші компания.