Зеленский Украина НАТО-ға шақырылса, Ресеймен соғысты тоқтатуы мүмкін екенін айтты
Украина президенті Киев Sky News арнасына берген сұхбатында Украина НАТО бақылауына алынса, Ресеймен соғысты тоқтату туралы келісімге келуі мүмкін екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: AP Photo / Denes Erdos
Киев бұған дейін Ресей басып алған жерлерді Украинаға қайтармайынша бейбіт келіссөзден бас тартатынын мәлімдеп келген. Зеленскийдің сөзіне қарағанда, Киев Ресей талап етіп отырған Украинаның басып алынған облыстарынан заң жүзінде бас тартуға дайын емес.
"Егер біз соғыстың қызу кезеңін тоқтатқымыз келсе, Украина аумағы НАТО қол астында болуы керек, содан кейін Украина дипломатиялық жолдар арқылы басып алған аумақтарын қайтарып ала алады", - деді Владимир Зеленский.
Зеленскийдің сөзінше, Украинаны НАТО-ға шақыру соғыстың "ауыр кезеңіне" нүкте қоя алады. Атысты тоқтату туралы кез келген келісім Ресей Украинаның тағы басқа аумағын басып алмайтындығына кепілдік беруі керек. Зеленскийдің сөзінше, мұндай кепілдікті Киевті НАТО-ға шақыру ғана қамтамасыз ете алады.
Зеленский сонымен бірге АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамппен тіке араласуға ниетті екенін және одан қолдау күтетінін айтты.
Sky News-дың айтуынша, Зеленский 1991 жылғы шекараны айтпай, атысты тоқтату мүмкіндігі жөнінде ұзақ уақыттан бері алғаш рет айтып отыр. Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак жуырда Ресей әскері 2022 жылдың 24 ақпанына дейін бақылауда ұстаған аймаққа шегінсе, келіссөзді бастауға осы жеткілікті болуы мүмкін деген.
Қазір Ресей әскері Украинаның халықаралық қауымдастық мойындаған жерінің бестен бірін басып алған. Қырымнан бөлек, олар Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон, Харковь облыстарының бір бөлігін бақылауда ұстап отыр. Ал Украина Ресейдің Курск облысында шағын аумақты бақылап отыр.
Ресей президенті Владимир Путин келіссөзді бастау үшін Украина Қырым мен төрт облыстан бас тартып, НАТО-ға мүшеліктен де үміттенбеуі керек деген. Мәскеу Киевке өзге де талаптар қойып отыр.
Ақ үй Украинаны НАТО-ға ресми түрде шақыру туралы ашық үндеу жасағысы келді, бірақ одан бас тартты. Бұл туралы 23 қарашада Bloomberg жазды. Басылымның жазуынша, қазіргі президент Джо Байденнің әкімшілігі "қысқа мерзімді перспективада табысқа жету ықтималдығының төмендігін ескере отырып" мұндай символикалық шақыру идеясынан бас тартқан. Оның орнына, деп жазады Bloomberg, Украинаға осындай кепілдіктер беретін екіжақты қауіпсіздік келісімдерін әзірлеу жоспарлануда.