Ұялы телефон арқылы соғылған алғашқы қоңырау осыдан тура 50 жыл бұрын тіркелгенін білесіз бе?
Осыдан тура 50 жыл бұрын ұялы телефон арқылы алғашқы қоңырау шалынды. Оны америкалық ғалым Марти Купер жасады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Фото: Вbc.com
Вbc сайтының жазуынша, 1973 жылдың 3-сәуірінде әлемде ұялы телефоннан алғашқы қоңырау соғылған. Телефонды Motorola компаниясы жасап шығарды. Кәсіпорын инженері Марти Купер ең бірінші қоңырауды бәсекелес компанияға хабарласудан бастаған.
“Нью-Йорк қаласындағы көшелердің біріне шығып Bell Laboratories компаниясына хабарластым. Тұтқаны көтерген сәтте “Джоэл, мен саған ұялы телефонмен қоңырау шалып тұрмын” дедім. Сол сәттегі тыныштық пен оның ішкі сезімін айтып жеткізу қиын еді”, - деп еске алады 94 жастағы Марти.
Дәл сол жылы бәскелес компания автомобильдерге арналған телефон шығару үшін барын салып жатқан кезі болатын. Десе де Мартидің қолындағы телефон олардың сызбасынан мүлде бөлек еді. Компанияның өнімінде хабарлама жібер сынды қосымшалар мүлде болмады. Тек қоңырау шалу нүктесі ғана бар еді. Аппарат тек 30 минуттық әңгімеге жететін. Ал батареясын қайта қуаттау 10 сағат уақыт алды. Және бұрышында 15 сантиметр болатын антенна тұрды.
Десе де дәл осы телефон нарыққа араға 11 жыл салып, 1984 жылы ғана сатылымға шыққан. Ал салмағы 790 грамм болды.