Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда әуекомпаниялар арасында бәсекелестік жоқ – Сенатор

Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев елімізде ұшақтардың ескіріп кеткенін, ал әуекомпаниялар өз флотын жаңартуға асықпайтынын сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: кадрдан скрин

Ол бұған нарықта бәсеке жоқтығы себеп деп санайды. Сондай-ақ барлық әуежай қауіпсіздік стандартына сәйкес келмейді дейді. 

"Қазақстанда тұрақты әуе тасымалын үш ірі компания жүзеге асырады: Air Astana, Scat және Qazaq Air. Кейінгі статистикалық дерек бойынша Air Astana жолаушылардың 70%, Scat 23%, ал Qazaq Air жолаушылар ағынының 7%-ын тасымалдады. Бұл сандар нарықтың тым көп шоғырлануы мен бәсекенің жоғын көрсетеді. Бүгінде Қазақстанда 99 ұшақ әуе тасымалында жүр. 2030 жылға қарай Қазақстанда әуе жолаушылары 24 миллион адамға жетеді деп болжанып отыр. Осы дерекке сәйкес, алдағы 6 жылда Қазақстандағы әуекомпаниялардың әуе паркі екі есе артуға тиіс. Алайда Қазақстан кейінгі 30 жылындағы флоттың жаңару жылдамдығын ескере отырып, тасымал тапшылығы 2030 жылдан кейін де сақталу қаупі бар. Сондай-ақ әуе кемелерінің ескіруіне байланысты жыл сайын ағымдағы флот қысқаратынын ескеру қажет", – деп атап өтті сенатор.

Депутат өңірлік әуежайлардың инфрақұрылымы оларды нормативтерге сәйкес ұстап тұру үшін күрделі қаржы салуды талап ететінін атап өтті. Олардың тек 10-ы ғана дәл қону жүйесімен жабдықталған және тәулік бойы жұмыс істейді. Ал әуежайларды шетелдік компанияларға беру, сенатордың пікірінше, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде мәселе туғызады.

"Өткізу пункттерін паспорттарды тексеру үшін жаңа техникалық құралдармен жарақтандыру қажет, кадрлар даярлауға ерекше көзқарас қажет. Ал Қазақстанның озық университеттерінің базасында ғылыми-зерттеу институттарын құру маңызды. Қазақстанның авиациялық активтерін шетелдіктердің басқаруына беру кезінде азаматтық авиация ұйымдарында басқарушылардың сабақтастығын қамтамасыз ету үшін бірлесіп басқарушы тетігін енгізу керек. Сондай-ақ отандық зауыттарды жүк авиакомпанияларының транзитін тартудың негізгі факторларының бірі ретінде авиаотын өндіруге қайта бағдарлау қажет", – деді Ғалиасқар Сарыбаев.

Еске салайық, бұған дейін ауа райына байланысты Ақтөбе әуежайы жабылғанын хабарлаған едік.

Талқылау