Шымкент тұрғыны енесін және жүкті қайын әпкесін ұрып тастаған
Шымкенттік Луиза Айхожаева 17 жасында отау құрған. Әйел жұбайына сүйіп қосылған. Алайда бір ай өтпестен денесінде алғашқы көгерген іздер пайда болыпты. Луизаның сөзінше, күйеуі ұрып-соғып, өлтіретінін айтып қорқытқан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Луиза Айхожаева, сюжеттен скриншот
Отбасындағы соңғы жанжал күйеуінің көңілдесі жайлы білген соң туындаған.
“Қоңырау шалып, “Сені қазір өлтіремін” деді. Кешке сыртқа шықсам, ол келе жатыр. Біздің аулада екі үй бар. Қашып, қайын атамның үйіне кірдім де есікті құлыптадым. Жүгіріп келе жатып үлкен қайын ағамды жерге құлатты”, – дейді Луиза Айхожаева.
Күйеуімен ажырасуға бел байлағанда балаларды алып кетуге Луизаның анасы мен жүкті әпкесі Назмина барған. Алайда ер адам енесін соққыға жыққан. Оқиға орнына учаскелік полицейлер де келіпті. Дегенмен ер адам тәртіп сақшыларының көзінше жүкті әпкесіне де бірнеше соққы жасаған.
"Жедел жәрдем алып кетті. Мұрным мен тістерім сынған, бірнеше жерден тікті. Ашық сыну деп айтты. Жарақаттан кейін жүктілік кезінде қауіп туындады. Әрі мұрныма да ота жасау керек еді. Бірақ қазір жасай алмайды, себебі аяғым ауыр", – деді Назмина Ташмуратова.
Зардап шеккен әйелдер полицияға шағымданған. Ал Луизаның күйеуі бағалы заттарды ұрлады деген айыппен әйелінің үстінен қарсы арыз түсірген.
"Айхожаев Тахирге қатысты үш арыз түсті. Ол бойынша әкімшілік іс қозғалып, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оның нәтижесіне қарай зардап шеккендердің жарақат деңгейі анықталады. Сонымен қатар Луиза Айхожаеваның да үстінен арыз түсті. Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігі "Ұрлық" бойынша іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр", – деді жергілікті қалалық полиция қызметі басшысының орынбасары Сардар Тұрсымбаев.
Психологтардың пікірінше, әйелдер бірнеше себепке байланысты қатігез күйеулерімен ажырасуға асықпайды.
"Оның біріншісі – ой елегінен өткізбей тұрмыс құру. Сонымен қатар отбасыдағы экономикалық фактор да себеп болуы мүмкін. Кейде әйелдер кәсіби мансабын жолға қоймай тұрып отау құруы мүмкін. Демек, олар ерлеріне тәуелді және жұмыс істеуден қорқады", – деді психолог Әсемгүл Оразаева.
Қазір Луиза Айхожаева төрт баласымен бірге ата-анасының үйінде тұрады. Әйел ажырасуға және алимент төлеуге арыз түсірген. Сондай-ақ жұмысқа орналасып, барлығын қайта бастамақшы.