Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұрлық жасады деп мойындатқысы келген": Ақтауда тұрғын полицейлердің соққысына ұшырағанын айтты

Ақтау тұрғыны полиция қызметкерлерінің ұрып-соққанын айтты. Ер адамның айтуынша, тәртіп сақшылары осылайша оның ұрлық жасағанын мойындатпақ болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды.  

Видеодан скриншот

Алайда қылмыс ақыр соңында расталмады. Бірақ жәбірленуші ауыр жарақат алып, тәртіп сақшыларының үстінен қылмыстық іс қозғады. 

22 наурызда Зигфрид-Илларион Сахибоғлы көлігіндегі генератордың жұмыс істемей тұрғанын анықтады. Содан кейін ол құрылғыны сұрау үшін досының автожөндеу базасына барған. Жолдасы ол жерде болмаған. Ер адам автобаза иесіне қоңырау шалған. Ол жауап бермеген соң оған дауыстық хабарлама қалдырып, 4 генераторды алып, автоэлектрикке барды. Бір сағаттан кейін оны полиция ұстады.

“Сіз ұрладыңыз және мойындайсыз” дейді. Мен “мойындамаймын, өйткені мен ұрлаған жоқпын, бұл – менің досым, мен оны одан сұрап алдым” дедім. Оның үстіне мен оған жаздым, іште камералар бар, көлігімнің нөмірі де көрінеді. Олар мені камерасы жоқ бөлмеге апарып, ұра бастады. Бас, бет, кеуде, асқазан, аяқ, иық тұстан соққы жасады”, – деді Зигфрид-Илларион Сахибоғлы.

Сөйтсе арызды жәбірленушінің досы емес, досының ағасы жазған. Ол арызды жазғаннан кейін генераторды танысы алғанын білген. 

Жәбірленушінің айтуынша, оны үш тергеуші қатты соққыға жыққан. Ал екі қызметкер бақылап тұрды.

“Олар “ұрлық емес екен, бұл жерде түсінбеушілік болды” дегеннен кейін тоқтап, басқаша сөйлесе бастады. “Кешіріңіз, дос болайық. Арыз жазудың қажеті жоқ” деді”, – дейді ер адам.

Ақтау тұрғының миы шайқалған, бас-ми жарақатын алып, бүкіл денесінің жұмсақ тіндері көгерген. Ер адам тексеріс пен емделуге шамамен 140 мың теңге жұмсағанын айтты.

Жәбірленуші полиция қызметкерлерінің үстінен прокуратураға арыз жазған. Қылмыстық кодекстің 146-бабы "Қатал, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас, азаптау" бойынша қылмыстық іс қозғалды.

“Қазір істің мән-жайын толық және жан-жақты тергеуді қамтамасыз ету мақсатында бірқатар тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Бұл іске қатысты бірқатар сот-медициналық сараптамалар да тағайындалды. Тергеу қорытындысы бойынша соңғы процессуалдық шешім қабылданады”, – деп мәлімдеді Маңғыстау облыстық прокурорының көмекшісі Мейрамбек Баймырзаев.

Облыстық полицейлер өз қызметкерлерінің әрекетіне түсініктеме бермеді. Тәртіп сақшыларының кінәсі дәлелденсе, 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Еске салсақ, бұған дейін Астанада ҰҚК-ның төрт қызметкері 13 тұтқынды аяусыз азаптағаны үшін сотталған еді. 

Талқылау