Ұлттық банк базалық ставканы 16,75% деңгейінде қалдырды
Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ұлттық банк мәліметінше қазір кей елдерде инфляцияның баяулауына қарамастан жаһандық инфляцияның қысымы әлі жоғары. Қазақстанда жылдық және айлық инфляция наурызда төмендегенін көрсетті. Инфляциялық процестердің баяулай бастағанына қарамастан, инфляцияның орнықты және тұрақты төмендеу тренді туралы айтуға әлі ерте.
“Тұрақсыз инфляциялық күтулер, мемлекеттік шығыстардың ұлғаюы, жанар-жағармай және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық нарығында уақыты келген реформалар түріндегі проинфляциялық факторлар сақталып және іске асырыла бастады. Факторлардың жиынтық балансы ортамерзімді келешекте инфляцияны төмендету үшін 2023 жылдың бірінші жартысында базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейде ұстап тұру қажеттігі туралы бұрынғы коммуникацияны қолдап отыр. Базалық мөлшерлеме бойынша бұдан кейінгі шешімдер 2023 жылғы мамырдағы жаңартылған болжамда жаңа деректерге, оның ішінде, жанар-жағармай мен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық нарығындағы реформалардың параметріне байланысты болады”, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар Ұлттық банк өкілдері 2023 жылдың наурыз айында жылдық инфляция 18,1%-ға дейін төмендегенін қосып өтті.
“Инфляцияның баяулауы ақпандағы реттелетін қызметтер тарифінің және оңтүстік өңірлерде егіннің жойылып, үсікке тап болуына байланысты жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері бағасының өсуімен, сондай-ақ жоғары сұраныс жағдайында көлік қызметі құнының өсуімен шектелді. 2023 жылғы ақпанда айлық инфляцияның төмендеу динамикасы тоқтағаннан кейін (а/а 1,3%) наурызда 0,9%-ға дейін одан әрі төмендегенін көрсетті. Дегенмен ол тарихи орташа деңгейден (2017-2021жж. наурызда 0,6%) жоғары қалыптасуын жалғастырып келеді”, – деп қосты Ұлттық банк өкілдері.