ҰҚК Атырау облысындағы акциялар туралы ақпаратты жоққа шығарды
Әлеуметтік желіде жерімізді қорғауға шақырған видео тарай бастады. ҰҚК бұл видеоның «Қалқан-2021» оқу-жаттығуларында түсірілген кадрлар екенін айтады.
«2021 жылғы 17 сәуірде жекелеген электрондық ақпараттық ресурстарда Атырау облысында өтіп жатқан акциялар туралы видео тарала бастады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми түрде хабарлайды. Әлеуметтік желілерде тараған видеода «Қалқан-2021» оқу-жаттығулары көрсетілген. Осыған байланысты ҰҚК баспасөз қызметі отандық БАҚ редакцияларынан мұндай материалдарды қайта жариялағанда немесе оған сілтеме жасаған кезде Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жүгініп, ақпаратты растауды немесе түсініктеме алуын сұрайды. Сондай-ақ ҰҚК жалған ақпарат таратпауға шақырады», – делінген хабарламада.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, «Қалқан-2021» оқу-жаттығуы 16 сәуірде аяқталды.
«2021 жылғы 16 сәуірде Маңғыстау облысындағы «Оймаш» полигонында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ІІМ қарулы күштерімен және Ұлттық ұланымен, сондай-ақ жергілікті мемлекеттік органдардың шұғыл әрекет етуші қызметтерімен бірлесіп өткізген «Қалқан-2021» жедел оқу-жаттығуы аяқталды.
Оқу-жаттығудың мақсатын дайындау барысында әскери іс-қимылдармен қатар асимметриялық шаралар қолданылатын, радиоэлектрондық күрес құралдары мен пилотсыз техника қолданылатын қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың мүмкіндіктері ескерілді.
Оқу-жаттығу өткізілетін орын ретінде Маңғыстау өңірінің таңдалуы сол жердің ерекшелігіне байланысты болды. Бұл білім алушыларға бір мезгілде жазық және шөл далада, жағалау учаскелерінде, теңізде және экономика мен инфрақұрылымның стратегиялық нысандарының болуы жағдайында іс-қимыл жасау дағдыларын үйренуге мүмкіндік берді», - деп мәлімдеді ҰҚК баспасөз қызметі.