Windows жүйесінің істен шығуына қатысты Қазақстанның цифрлық даму министрлігі мәлімдеме жасады
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Microsoft Azure төңірегіндегі жағдайға байланысты Қазақстанда ақаулар тіркелмегенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: En.cryptonomist.ch
Министрлік мәліметінше, маңызды инфрақұрылымдар мен мемлекеттік IT қызметтердің жұмысында ешқандай ақау тіркелген жоқ.
“Ешқандай шағым түскен жоқ, барлық жүйелер қалыпты жұмыс істеп тұр. Цифрлық даму министрлігі жағдайды бақылап отыр", –делінген хабарламада.
Еске салайық, Microsoft жұмысында ақау шығып, әлем бойынша телеарналар, әуежайлар мен банктер жаппай тоқтап, Windows компьютерлері кенеттен өшіп қалған еді. Ал қазақстандық ақпарат көздері Microsoft жұмысындағы ақаудың Астана мен Алматы әуежайларының жұмысына әсер етпегенін хабарлаған еді.
Айта кетейік, бұған дейін Microsoft Windows 10 жүйесін жақсарту үшін жаңа функциялар қосуды жоспарлап отырғанын жаздық. Windows 10 Copilot бағдарламасының опциясына ие болған. Корпорация мәліметінше, Windows 10 жүйесіне жаңа қызметтерді қосу үшін Windows Insider қатысушыларының көмегі қажет. Сол себепті Microsoft Windows 10-ды қолданатын инсайдерлер үшін бета арнасын ашқан.