Вице-министр Фатима Жақыпова ғылыми дәрежені заңсыз иеленді деген айыптауларға жауап берді
Қазақстанның білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыповаға қатысты әлеуметтік желілер мен БАҚ-та сыбайлас жемқорлық, ғылыми дәреже мен атақтың заңсыз тағайындалғаны туралы ақпараттар тарауда. Өз кезегінде білім министрінің орынбасары өзін айыптағандарға жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Вице-министр Facebook желісіндегі парақшасында Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығында өз диссертациясының тексерілгенін айтты. Оның сөзінше, Қазақстанда орындалатын ғылыми еңбектердің плагиатына тексерудің жалғыз бағдарламасы тек аталған орталықта бар. Өз кезегінде Жақыпова орталық берген анықтаманың суретін жариялады.
«Мен, өзімнің мыңдаған әріптестерім сияқты, ғылым кандидатының, ғылым докторының дәрежелерін алудың барлық кезеңдерінен: жұмысты кафедрада талқылаудан, сарапшылардың және оппоненттердің көпшілік алдында қорғауға дейінгі сатыларынан толығымен өттім.
Жалпы, диссертацияларға қойылатын талаптар және ғылыми кадрларды даярлау жүйесі жөнінде айтар болсам, 2011 жылдан бастап Қазақстан кандидаттық және докторлық дәрежелерден бас тартып, толықтай философия докторы - PhD дәрежесіне ауысты. Диссертациялық жұмыстарға қойылатын талаптар өзгерді, басылымдарға және дәйексөз алуға қатысты халықаралық ұстанымдар қосылды», - деп жазды Жақыпова.
Сонымен қатар білім министрінің орынбасары 2011 жылға дейін ғылыми дәрежелер беру сол кездегі ережелерге сәйкес, диссертацияларды антиплагиат бағдарламасы арқылы тексеру мүлдем болмағанын атап өтті. Ол тек жаңа жүйе, соңғы жаңа ережелерде көрсетіліп, философия докторы - PhD дәрежесіне ғана қолданыла бастады, дейді.
«Иә, бұл алға басқан дұрыс қадам болды. Бірақ ешбір жағдайда да еліміздің мыңдаған ғалымының – менің әріптестерімнің ғылыми еңбектерін сынау мен оларды жоққа шығару мақсатында емес!
2011 жылға дейін ғылыми дәрежелер ҚР білім және ғылым министрінің 2003 жылғы 10 қаңтардағы №16 бұйрығымен бекітілген және 2011 жылға дейін әрекет еткен ережелерге сәйкес, берілді. Осылайша, 10-шы тармаққа сәйкес, автор жаңа шешімдерді нақты түрде дәлелдеуге және белгілі шешімдерге қарағанда, сыни бағалауы тиіс болатын. Сонымен қатар, авторларға ұйымдардан ғылыми тұжырымдардың тәжірибелік мәнділігі және ғылыми тұжырымдарды пайдалану бойынша кеңестер ұсынылатын.
Аталған ереженің 11-шы тармағында диссертацияның негізгі мазмұны кемінде 30 ғылыми еңбекте, олардың ішінде, 10 жеке, 3 шетелдік ғылыми басылымдарда және 10 ҚР білім және ғылым министрлігі білім және ғылым саласындағы қадағалау мен аттестаттау комитетімен бекітілген тізбедегі (кемінде бес әр түрлі атаулар) басылымдарда жариялануы айтылған. Мен аталған талаптарды толығымен сақтай отырып, еңбектерімді тиісті жарияланымдарда басып шығардым. Сонымен қатар, кез-келген адам, автордың қорғауға ұсынған ережелерімен ашық түрде танысуға болады.
15-шы тармақта диссертация орындалған ұйым диссертацияның алдын ала сараптамасын өткізетіні көзделген. Менің жұмысым бойынша, дәл солай барлық басқа да жұмыстар бойынша ғылыми жаңашылдықтың болуына, өзектілігіне және тәжірибелік мәнділігіне қатысты сараптама жүргізетін рецензенттер тағайындалып, олар диссертация бойынша оң пікірлерін берді», - дейді ол.
Сонымен қатар вице-министр жұмысты үш оппонент тексеріп, диссертацияның жаңа ғылыми нәтижелері мен автордың көпшілік алдына ұсынылатын ережелерінің жиынтығына қатысты сыни бағалай отырып, қорғауға жіберуге болатындығын анықтайтынын айтты. Жақыпованың сөзінше, диссертациясы бұл сатыдан да нәтижелі өткен.
«Барлық қорғау кезеңдерінен өтудің заңдылығын растайтын құжаттар бір айдың ішінде білім және ғылым саласындағы қадағалау мен аттестаттау комитетіне ұсынылатын, онда жұмыс тағы бір рет тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен сараптамадан өтеді, ол сатыдан диссертация сәтті өтті.
Тек барлық кезеңдерден сәтті өткен соң ғана ғылыми дәреже берілетін. Ғылыми дәрежені берудің заңдылығын растайтын барлық құжаттар мұрағатта 75 жыл бойы сақталады», - дейді Жақыпова.
Сөз соңында Фатима Жақыпова өзіне және әріптестеріне қатысты таратылған жалған ақпарат үшін сотқа шағымданғанын айтты.
«Ең соңында менің айтарым. Осыған дейін маған және менің әріптестеріме қатысты таратылған жалған ақпарат бойынша ар-намысымызды, абыройымызды және iскерлiк беделдiлiгiмізді қорғау туралы талап-арыз сотқа жолданды және ол сот өндірісіне қабылданды», - деп түйіндеді вице-министр.