Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Валерия Шальнованың өлімі: Ақтауда істі тергеген полицейлерге қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

Ақтауда 21 жастағы Валерия Шалнованың өлімін тергеген полицейлерге қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

шальнова

Маңғыстау облысының полиция департаменті Валерия Шалнованың өліміне қатысты тергеудің барысына тоқталған. Қазіргі уақытта адам өлтіру, тонау және жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасады деген күдікті С.Н.-ға қатысты іс Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық сотына жіберілгені белгілі болды.

Сондай-ақ департамент полиция қызметкерлеріне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабының 1-бөлігімен ("Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану") қозғалған қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылғанын хабарлады.

Сонымен қатар, полицияда сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында күдікті С.Н.-дан азаптаулар туралы арыздар мен шағымдар түспегенін атап өтті.



Ведомство өкілдері күдіктінің полиция қызметкерлерімен туыстық байланысы туралы тоқталып өтті.

“Күдіктінің ағасының әйелі 2022 жылдың 27 қазанынан бастап декреттік демалыста. Қалалық полицияның жедел басқару орталығының бастығының күдіктімен отбасылық немесе басқа да байланыстары жоқ”, – деп түсіндірді полицияда.

Еске салайық, 30 қазанда Маңғыстау полициясы өз қызметкерлерінің кінәсіздігін алға тартқан мәлімдеме таратқан болатын. Алайда жәбірленушілер мұнымен келіспейді. Марқұмның әпкесі полицияның спортшының өлтірілгенін прокуратураның араласуынан кейін және қоғамның наразылығынан кейін ғана мойындағанын айтты.

2 шілде күні МАЭК су алатын каналының маңынан ақтаулық 21 жастағы спортшының денесі табылған болатын. Полиция алдымен "Өзін-өзі өлтіруге итермелеу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, кейін "Қауіпті жағдайда қалдыру" бабы бойынша істі қайта саралады.

Туыстары қыздың өлтірілгеніне сенімді. Қоғамдық наразылықтан кейін полиция бұл істі "Кісі өлтіру" деп өзгертті. 13 қазанда іс материалдары сотқа жіберілді. Басты күдікті – қыздың бұрынғы жігіті. Туыстары ол кісі өлтіруді қызғаныштан жасады деп есептейді.

Талқылау