Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан азаматы Ресей атынан Украинаға қарсы соғысқа қатысқаны үшін сотталды

Қарағанды ​​облысының 34 жастағы тұрғыны Алексей Шомполов Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысқаны үшін алты жыл сегіз айға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Соттың мәліметінше, сотталушы “Вагнер” жеке әскери компаниясының құрамында, Ресей тарапында соғысқан. Екі инстанцияның соттары оны кінәлі деп таныды, сонымен қатар сот қылмыстан түскен табыс деп есептелген 205 590 ресей рублі сомасындағы қаражатты тәркілеуге үкім шығарды.

Облыстық сот Азаттық радиосына берген мәлімдемесінде, үкімнің заңды күшіне енгенін айтқан. 15 қарашада апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырған.

Сот үкімімен Шомполов "бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы ауыр қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін" кінәлі деп танылып, сотталды. Сот Қазақстан азаматының әрекетіне "конституциялық құрылымды құлатуға немесе бұзуға және мемлекеттің аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған" әскери іс-қимылдарға қатысу деп баға берген.

Шомполов соттан өзін бас бостандығынан айырмауды сұраған. Ол өз кінәсін мойындап, өкінгенетінін жеткізген. Сотта ол бұл әрекетке ақша керек болғаны үшін барғанын айтты.

Сот үкімінде ағымдағы жылдың наурыз айында Шомполовтың әлеуметтік желіден Ресейде жақсы жалақы төленетін жұмыс туралы хабарландыруды көргені айтылған. Оған жұмыстағы міндетінің Украина аумағында Ресейдің әскери операцияларына қатысу үшін "Вагнер" жеке әскери компаниясының қатарына қосылу екені алдын ала ескертілген. Сонымен қатар, оған ай сайын 240 000 ресей рублі мөлшерінде жалақы, сондай-ақ қайтыс болған немесе жарақаттанған жағдайда міндетті төлемдер ұсынылған. Ол ұсынысты қабылдап, сол айда Ресейге кеткен. 

Ағымдағы жылдың мамыр айында ер адам Ресей-Украина шекарасын кесіп өтіп, Украина аумағындағы Бахмут облысында жауынгерлік артиллериялық бөлімшеде жалдамалы жауынгер ретінде қарулы қақтығыстарға қатысқан. Кейін Украина қарулы күштері тарапынан жасалған шабуылда жарақат алып, ауруханаға жатқызылған. Содан соң сотталушы Вагнер әскери компаниясынан 235 000 ресей рублі көлемінде ақшалай сыйақы алып, Қазақстанға оралған.

Сотталушы Петропавлда ұсталды. Бұл істі ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қарағанды ​​облысы бойынша департаменті тексерді. Күдіктіге қатысты сот үкімі тамыз айында шықты. Сот істі қысқартылған тәртіпте қарады. Жазаны өтеу мерзімі 2023 жылдың мамыр айынан бастап, қамауға алынған кезден бастап есептеледі.

Шомполов екі рет аппеляциялық шағым түсірген. Алдымен қыркүйекте, сот шағымды қайтарып, қараудан бас тартты. Екінші рет қараша айында, бұл жолы сот алқасы шағымды қарады, бірақ үкімді өзгеріссіз қалдырды. 

Талқылау