"Үйдің орнына арзан жатақхана": Ақтөбеде шенеуніктер осал топтағы адамдарға баспана үшін бөлінген ақшаны жымқырған

Ақтөбеде шенеуніктер осал санаттағы адамдарға үй салуға арналған бюджет қаражатына жай жатақхана салып, 670 миллионнан аса қаражат жымқырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Прокуратураның мәліметінше, қылмыстық схема Мұғалжар ауданы прокуратурасымен 2024 жылғы сәуір айында әкімдік тарапынан әлеуметтік тұрғын үйді сатып алудың заңдылығына жүргізілген талдау барысында анықталған.
“Тергеу кезінде мынандай схема анықталған. Аудандық мәслихат төрағасы, депутат және әкімдік қызметкері бірігіп, мемлекетке көпқабатты толық үйдің орнына жатақхана сатып жіберген. Яғни, мемлекет жақсы, толыққанды тұрғын үйге ақша бөлген. Бірақ оның орнына сапасы төмен, арзандау жатақхана салынған. Соның салдарынан мемлекетке 672 миллион теңге шығын келген”, – делінген хабарламада.
Ақтөбе қаласының №2 соты шенеуніктерге үкім шығарды. Кінәлі тұлғалардың мүлкі тәркіленіп, әрқайсысы әртүрлі бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Жазаны орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады. Ал келтірілген залал өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Жаңа салық кодексі әлеуметтік кәсіпкерлерді жеңілдіктерден айырды – Тапсырыс жоқ, қарыз көбейді