Үндістанда жөтелге қарсы сироптан бүлдіршіндер көз жұмғаннан кейін ДДҰ ескерту жасады

Фото: pixabay.com
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) Үндістанда өндірілген кейбір сұйық дәрілердің қауіпті екенін айтып, арнайы ескерту жасады. Себебі жөтелге қарсы дәріні ішкен 5 жасқа дейінгі 20-ға жуық бүлдіршін көз жұмған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үндістанның дәрі-дәрмек сапасын бақылау орталығы ДДҰ-ға үш дәріден – "Coldrif", "Respifresh TR" және "ReLife" адам денсаулығына зиян диэтиленгликоль (техникалық спирт) табылғанын хабарлады. Бұл зат адам үшін өте қауіпті.
Бұл жағдай 20-ға жуық өліміне байланысты анықталған. Аталған дәрілерді Sresan Pharmaceutical, Rednex Pharmaceuticals және Shape Pharma деген компаниялар шығарған. Үндістан билігі бұл дәрілердің өндірісін дереу тоқтатып, рұқсаттарын да уақытша тоқтатты.
Үндістанның ресми органдары бұл дәрілер шетелге экспортталмағанын айтты. Бірақ ДДҰ барлық елдерге дәрі-дәрмек жеткізу тізбегін мұқият тексеруді және бақылауды күшейтуді ұсынды. Егер бұл дәрілер өзге елдерде анықталса, ол туралы дереу ДДҰ-ға хабарлау қажет.
Қазан айының басында Үндістанда "Coldrif" жөтелге қарсы сиропын шығарған компанияның иесі тұтқындалды. Себебі Мадхья-Прадеш штатында бұл сироптан кейін 5 жасқа дейінгі 20-ға жуық бала қайтыс болған.
Айта кетейік, 2022-2023 жылдары Өзбекстанда да үнділік Marion Biotech компаниясының суық тиюге қарсы дәрісінен кейін көптеген бала бүйрек жеткіліксіздігімен ауруханаға түскен еді. Ол кезде 68 бала көз жұмған.
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі бұл дәрілердің елімізде тіркелмегенін және сатылымда жоқ екенін мәлімдеді.
“ДДСҰ-ның ескертуіне байланысты, аталған үш сиропта диэтиленгликоль сияқты улы заттардың табылуына орай, Ұлттық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау орталығы хабарлайды:
COLDRIF, Respifresh TR және ReLife сироптары Қазақстанда мемлекеттік тіркеуден өтпеген. Оларға сәйкестік сертификаттары берілмеген”, – делінген ресми хабарламада.
Мамандардың айтуынша, бұл дәрілерді қолдану әсіресе балалар үшін өте қауіпті болуы мүмкін.
“Азаматтарға дәрі-дәрмекті тек лицензиясы бар дәріханалардан сатып алуға және аталған сироптарды қолданбауға кеңес береміз”, – деді дәрі сараптау орталығының өкілдері.
Еске салсақ, бұған дейін Үндістанда жөтелге қарсы шәрбаттан 20-ға жуық бала көз жұмғанын жазған едік.
"Соңы қуғын-сүргінге алып келеді": Белсенділер Қазақстан депутаттарының ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы шешіміне қарсы шықты