Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Пайда көретін күштер бар”: Тоқаевтың баспасөз хатшысы Украинада атылған журналистің әйелінің айыптауларына жауап берді

Украинада қастандық жасалған "Бәсе" ютуб каналының авторы Айдос Садықовтың жағдайы туралы жұбайы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Наталья Садыкованың желідегі парақшасынан алынған

Наталья Садықованың сөзінше ол қазір жансақтау бөлімінде жатыр.

"Кеше Айдосқа ота жасалды. Нейрохирургтер жасаған ота екі жарым сағатқа созылды. Мен оны жансақтау бөлімінде көрдім. Оның жағдайы өте ауыр. Өкінішке орай, миы зақымданған. Дұға етеміз, Алла тағала көмектесіп, аман болып, сауығып кетеді деген үміттеміз", – деді ол Азаттық радиосының тілшісіне.

Наталья Садықова күйеуіне көз алдында оқ тигенін айтты. Оның сөзінше, бір рет оқ атылған. 

"Біз үйдің ауласына көлікпен кірдік. Бір ғана оқ атып, нысанаға дәл тиді. Мен көліктің ішінде жанында отырғанмын. Ол өте кәсіби адам, Айдосты өлтіру үшін арнайы жалданған жалдамалы кісі өлтіруші еді", – дейді Наталья Садықова.

Наталья Садықова болған оқиғаға Қазақстан билігін кінәлады.

Берік Уәли мемлекет басшысының Айдос Садықовқа жасалған шабуылға қатысты мәлімдемесіне, сондай-ақ жәбірленушінің әйелі Наталья Садықованың мәлімдемесіне түсінік берді.

“Қандай “сүйел”? Мемлекет басшысы бұл ресурстың хабарларына ешқашан қызығушылық танытпаған және осыған дейін көрмеген. Қазақстанда мұндай сипаттағы мыңдаған сайттар, каналдар бар. Олар еркін жұмыс істеп тұр. Бұл канал ішкі ақпарат ағынына әсер етпейді. Канал туралы осы оқиғадан кейін ғана білгендер бар", – деді Берік Уәли Tengrinews.kz порталына.

Президенттің баспасөз хатшысы "басшылықтың стратегиялық бағытына, оның ішінде сыртқы саясат саласында да қысым жасау мақсатында Қазақстанға қарсы айыптауларды таратудан пайда көретін" күштер бар екенін айтты.

Берік Уәлидің айтуынша, қылмыс Украина аумағында жасалғандықтан, тергеуді осы елдің тиісті ведомстволары жүргізетін болады.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біздің құқық қорғау органдары белгіленген тәртіпке сәйкес украин тарапынан қосымша ақпарат сұрайды және қажет болған жағдайда тергеуге көмектесе алады”, – деді Берік Уәли.

Еске салсақ, осыған дейін Тоқаев  “Бәсе” YouTube арнасының авторы Айдос Садықовтың Украинада атылуына қатысты пікір білдірді.

Талқылау