Украина тұрғындары келесі президентті смартфон арқылы таңдайды
Украиндықтар келесі жолы мемлекет басшысын смартфон арқылы таңдайтын болады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Украинаның сандық трансформация министрі Михаил Федоров мәлімдеді.
"Мен келесі президент сайлауында жаңа бастаманы іске асырамыз деп өзіме және мемлекет басшысына сөз бердім. Әрине, бұл істің жауапкершілігі жоғары болатыны сөзсіз. Дегенмен алдағы уақытта смартфон арқылы дауыс беретін боламыз", - деді Украина министрі.
Келесі президент сайлауы 2024 жылы өткізіледі. Осы жылы сайлауды онлайн өткізу жоспарлануда екен. Дегенмен 2020 жылы өтетін жергілікті сайлаудың өзінде бастаманы қолға алу ойластырылған.
"Сайлаудың алғашқы сатысында онлайн-сауалнама жүргізіледі. Осы уақытта премьер-министр мен президент онлай-сайлау жайлы тұрғындардың ойын біле алады. Біз украиндықтарға демократияның тікелей кілтін ұсынғалы отырмыз. Бұған қоса мұндай сайлау мемлекеттің электронды үкіметін дамытады деп сенімді түрде айтуға болады", - деді Федоров.
Сонымен қатар министр онлайн-сайлауға жан-жақты дайындалу қажеттілігін ашып көрсетті. Айтуынша, бұл мәселеге киберқауіпсіздік, инфрақұрылымдық және логикалық тұрғыдан қарау қажет.